Оралдағы көктайғақ: ТЖД өкілдері пікір білдірді

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері Оралдағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

13 ақпанда Оралда ауа райы нашарлауына және жолда мұз қатуына байланысты автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы қиындаған еді.

"ЖАО көктайғаққа қарсы материалдар толтырады. БҚО ТЖД-да жедел штаб жұмыс істейді", - деп жазылған хабарламада.

"Қазгидромет" РМК деректері бойынша 13 ақпанда көктайғақ, жел болып, облыстың оңтүстігінде тұман түседі.

Еске салайық, бұған дейін автобус жүргізушісі мұндай жағдайда жолға шығудан бас тартқанын айтқан еді.

"Базаға келдік, бірақ тізгінге отырудан бас тарттық. Барлық жүргізуші бір-бірімізбен байланыстамыз, сөйлесеміз. Алдымен олар біздің қауіпсіздігімізді және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсін, құм сепсін, содан кейін шығамыз. Ал қазір тәуекелге бармауды ұйғардық", - дейді ер адам.

Дегенмен аялдамалардағы адам саны азаймаған, керісінше көбейе түскен. Ал такси бағасы қатты көтеріліп кеткен.

Қалалық білім бөлімі бірінші ауысымдағы сабақтар қашықтан оқыту форматына ауыстырылғанын хабарлады. Мұның себебі - ауа райының қолайсыздығы. Алайда мектепке жеткен балалар мектеп қабырғасында оқиды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!