Оралда қатты көктайғақ: тұрғындар жұмысқа, балалар сабаққа жете алмаған

13 ақпанда таңертең Орал мұз айдынына айналды. Қатты көктайғақ салдарынан автобустар желіге шыға алмады, ал таксилер тоқтамаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап. 

Автобус жүргізушісі мұндай жағдайда жолға шығудан бас тартқанын айтады.

"Базаға келдік, бірақ тізгінге отырудан бас тарттық. Барлық жүргізуші бір-бірімізбен байланыстамыз, сөйлесеміз. Алдымен олар біздің қауіпсіздігімізді және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсін, құм сепсін, содан кейін шығамыз. Ал қазір тәуекелге бармауды ұйғардық", - дейді ер адам.

Дегенмен аялдамалардағы адам саны азаймаған, керісінше көбейе түскен. Ал такси бағасы қатты көтеріліп кеткен.

"Масқара! Аялдамада 40 минут бойы тұрмын. Неліктен коммуналдық қызметтер дайын емес?" - дейді тұрғындардың бірі.

Қалалық білім бөлімі бірінші ауысымдағы сабақтар қашықтан оқыту форматына ауыстырылғанын хабарлады. Мұның себебі - ауа райының қолайсыздығы. Алайда мектепке жеткен балалар мектеп қабырғасында оқиды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!