Экология министрі елімізде орман өрті неге көбейгенін айтты

Экология министрі елімізде орман өрті неге көбейгенін айтты
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда орман өртінің көбею себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Министрдің айтуынша, елімізде орман қорының көлімі - 30,9 миллион гектар.

"Оның ішінде орманмен көмкерілген жер - 13,7 миллион гектар. Қазақстандағы орманның үлесі - 5,5 пайыз. 2023 жылы жалпы ауданы 116 мың 800 гектар болатын 810 орман өрті тіркелді. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқап - 61,1 мың гектар", - деді Ерлан Нысанбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Ведомство басшысы орман өртінің шығу себептеріне тоқталды.

"Найғазай жарқылынан - 498 дерек, ауыл шаруашылығы жерлеріне өрттің шарпуы - 87 дерек, жеке және заңды тұлғалардың кінәсінен - 31 дерек, анықталмаған себептерден 194 оқиға тіркелді", - деді ол.

Министр Қазақстанда орман өртінің көбеюіне климаттың өзгеруі ықпал етіп жатыр деген пікірде.

"Соңғы жылдары орман өртінің көбейіп кетуі дүниежүзілік климаттың өзгеруіне тікелей байланысты екенін атап өтеміз. Бұл ретте басқа жерге қарағанда Азия континентінде климат +4 градусқа жылдам көтеріліп жатыр. Бұл құбылыс былтыр желтоқсанда Дубайда өткен климаттың өзгеруі жөніндегі конференцияда айтылды", - деді ведомство басшысы.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz