"Атым өзіме ұнамады". Ұлбала деген есімін өзгерткен жанның хикаясы

"Атым өзіме ұнамады". Ұлбала деген есімін өзгерткен жанның хикаясы
Фото: Massaget.kz/Томирис Есқали

Қазір феминизм, қазақша айтқанда, әйелдерді кемсітуге қарсы күрес деген ұғым, түсінік сәнге айналды. Қоғамда әйелдер мен балаларға қарсы адамсенгісіз зорлық-зомбылық көбейген шақта бұл тенденцияны түсінуге болады. Көпшілік соның бір ұшы есім мәселесіне тірелетінін жиі айтады.

Қазақта қыз балаларға қойылған Ұлжан, Ұлдана, Ұлжалғас, Ұлболсын секілді есімдер бар. Одан бөлек "ер" сөзінің бірігуі арқылы жасалған есімдерді де тізе беруге болады. Massaget.kz тілшісі осындай есім қойылған адамдармен сұхбаттасып, Қазақстанда қанша қызға ұлға байланысты есім қойылғанын анықтап көрді. 

33 мың қызда ұлға қатысты есім бар

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, ұлты қазақ, бірақ жас ерекшелігі әртүрлі қыздардың есімін санап көрдік:

  • Ұлболсын 1887 адам
  • Ұлбосын 3529 адам
  • Ұлжан 9462 адам
  • Ұлдана 7643 адам
  • Ұлпан 3493 адам
  • Ұлжалғас 2565 адам
  • Ұлбала 1229 адам
  • Ұлдан 106 адам
  • Ұлмекен 1731 адам
  • Ұлтусын 118 адам
  • Ұлдарай 27 адам
  • Ұлту 459 адам
  • Ұлдархан 39 адам

depositphotos.com

Сонымен Қазақстанда "ұл" сөзінің бірігуі арқылы жасалған есім қойылған шамамен 33 мыңға жуық қыз бала бар. Бір ескерте кететін жайт, бұл - ел арасында жиі кездесетін есімдер негізінде жинақталған көрсеткіш. Одан бөлек Қазақстанда Қыздығой есімді 48 адам, Жаңыл есімді 1292 адам, Жаңылсын есімді 1122 адам, Дәметкен есімді 310 адам бар екен.

"Ұл тумадың дейтін ерлер бар". Психолог бұл тақырыпта не айтты?

Қоғам түрлі болған сайын әртүрлі ойлайтын адам болатыны - заңдылық. Сол секілді өмірге келген баланы несібе деп емес, жынысына қарап бағалайтындар бар. Қазір отбасындағы ұрыс-керістің, жанұялардың екі кетуінің бір себебі "әйел ұл тумағанынан" екенін жасыруға болмас. Мойындамасақ та, Қазақстанның бір түкпірінде дәл осындай пікірдегі ер адам не сол отбасының ағайын-туысы кездеседі. Бұл жайында психолог Іңкәр Әлиева да әңгімелеп берді. 

"Мұндай нәрсе қазақта көп тараған. Тәжірибемде күйеуі "ұл болмағанша туа бересің" деген адамдар да кездескен. Осылайша қаншама қыз тудыртқан?! Биологиялық, физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда, дүниеге ұл немесе қыз келуі әйел адамға ғана байланысты емес, ер адамға да қатысты. Әйелдер қайта-қайта барып емделіп жатады, ал ер адамдар "мен кереметпін" деп, не емделмейді, не келісімге келмейді. Осылайша бір жақты болып қалады", - дейді сарапшы.

depositphotos.com

Психологтың пікірінше, "ұл болмағанына кінәлісің" деп кінәні біреуге артатын ер адамдарда балалық позиция қалып қойған. Яғни жауапкершілікті өзіне емес, әйелге артады. 

"Бұған абьюзерлік қарым-қатынас та әсер етеді. Одан бөлек жеке адамның нарцисстік көзқарасына байланысты. Бала кішкентай кезінде нарцисст тәрбиесінде өскен. Қазақта ұл бала дүниеге келсе патша санап, бәрін кешіріп, алақанына салып өсіреді, кейін бұл бала өзінің ісінің бәрі дұрыс деп санайды. Абьюзді қарым-қатынас содан да туындайды", - дейді маман.

Сарапшы кейбір әйелдер мұндай жағдайға көндігіп, өзін кінәлайтынын да жеткізді. Алайда қоғамда өмірге келген баланы жынысына қарамастан періште, несібе деп қабылдайтындар да бар.

"Бәрі - Алла тағаланың қолындағы нәрсе, екіншіден, ең бастысы қандай бала болмасын ұрпақ қой. Әйелдің қолында тұрған ештеңе де жоқ. Ер азамат әйелі сәби дүниеге келгеніне қуануы керек. Бедеу әйелдер де бар. Балаға зар болып жүрген қаншама отбасы бар?! Өз тәжірибемнен алып қарасам, екі қызым бар. Екеуі де студет. Жұбайыммен шаңырақ көтергеніме 20 жылдан аса уақыт болды. Аллаға шүкір, жұбайым "ер бала тумадың" деп бетіме басқан емес. Қыз да Алланың жаратқан перзенті. Бұрын өзімді кінәлі сезінетінмін. Кейін психологияға бет бұрып, өз-өзіммен жұмыс істеген соң түсіндім. Бар балама шүкіршілік етемін. Тіпті жұбайыммен отырып, "қазақ қоғамында ер балаға басқа түсінік бар, саған ер бала керек болса, мен денсаулығыма байланысты бала көтермеуім мүмкін, ол кезде басқа отбасын құрып, бақытты болып кетуіңе тілектеспін" деп сөйлескенмін. Бірақ жұбайым "есің дұрыс па? Осыған да шүкір" деді", - дейді психолог.

"Ешкімнің сөзін тыңдамадым". Есімін өзгерткен Мадинаның оқиғасы

Ұлға қатысты есім қойылғандардың бірі - Мадина Серікжанқызы. Оған туғанда Ұлбала деген есім берілген.

"Қазақ ырымшыл халық қой, ұл тусын деген ниетпен әкем есімімді Ұлбала деп қойған. Отбасымызда төрт қыз, мен үшінші қызбын. Төрт қыздан кейін ұл дүниеге келді", - дейді ол.

Мадинаның сөзінше, жасөспірім шақта достары мен сыныптастарының келекесіне ұшырамаған.

"Мектепте оқып жүрген кезде келемеждеу деген дүниеге ұшыраған емеспін. Себебі сыныпта староста болдым. Сондықтан да болар мұндай жағдайға тап болмадым. Бірақ есімім өзіме ұнамайтын. Кішкентай кезімнен атым ұнамайды деп жүрдім", - дейді ол.

elements.envato.com

Қазақстандық кейін есімін өзгертіп тастаған. Ол бұл шешіміне отбасы қарсы болғанын да жеткізді. Дегенмен оған Ұлбала деген есім қойылуының тағы бір сыры бар екен.

"Үйдегілердің бәрі есімімді ауыстыруыма қарсы болды. Мені көндіруге тырысты. Бірақ өзім кішкентайымнан шешім қабылдап қойғанмын, 3-4 жыл бойы соны ойлап жүрдім. Жеке куәлік аларда ешкімнің сөзін тыңдамай, құжаттардың бәрін өзім жинап, екі ай дегенде ауыстырып алдым. Ұлбала дегенге қарағанда Ұлбике, Ұлболсын деген есімдер нәзік естіледі. "Тым болмағанда нәзіктеу есімдеу қойғанда, ауыстырмайтын едім ғой, неге Ұлбала деп қойдыңыз?!" деп әкеме назданып айтатынмын. Әкемнің Ұлбала деген математика пәнінің мұғалімі болған екен. Мектеп кезінде сол мұғалімге ғашық болған, бала махаббаты болған. Сол кісінің есіміне орай қойған негізі", - дейді Мадина.

"Әжем ешқашан есіміне өкінген емес". Тағы бір Ұлболсынның оқиғасы

Бүгінде жасы сексеннен асқан Ұлболсын Мұхамеджанованың немересі де әжесінің есімінің сырын әңгімелеп берді.

"Әжемнің биологиялық ата-анасында үш қыз болған. Әжем ортаншы қызы болған. Әпкесінің есімі - Дәметкен, одан кейін әжем, бірақ шын есімін білмейді. Туған бойда әкесінің туған інісі оны асырап алған. Одан кейін Жаңылсын есімді сіңілісі бар. Үшеуінде де ұл дәметкен. Бірақ ол отбасында ұл дүниеге келмеген", - дейді Ұлболсын Мұхамеджанованың немересі.

А.Л. Мелков 

Оның айтуынша, әжесі есіміне бола ешқашан өкінбеген. Дегенмен өзі немерелеріне мұндай бағыттағы есімдерді қоймапты.

"Әжемді асырап алған отбасы оған Ұлболсын деген есім берген. Негізі бұл отбасына бала болмайды деген диагноз қойылған екен, ұзақ уақыт балалы болмаған. Кейін бір жылдан соң ұл дүниеге келген. Әжем мұның бір сыры есімге де байланысты деп ойлайды, бір жағынан өзі де берекелі бала болған ғой. Бірақ ешқашан есіміне қатысты өкініші болмады. Осы есімімен де бақытты өмір сүріп жатыр", - дейді ол.

"Ұл" деген сөздің нағыз мәні - еркек я әйел емес, "ұрпақ"

Ұлға қатысты есім қойылған қыздармен сұхбаттасу барысында Садық Шерімбектің әлеуметтік желідегі мына жазбасына көзіміз түсті. 

"Қайбір жылдары феминист қауымның Ұлжалғас, Ұлбосын, Ұлдана, Ұлжан, Ұлмекен деген есімдерді сексистік сипатта көтеріп, ұлтты қаралау акциясына айналдырып жатқанда қатты ойланып едім. "Біз, шынында да, әйелді бұйым көрмеген халық екенбіз ғой" деп ойлап та қойған ем. Бір қарағанда кәдімгідей күмәнданып қаласың ше. Бірақ қанша солай ғой деп қабылдағым келгенімен ішімдегі бір фильтрден өтпей қойды сол. "А почему Қызбосын, Қызжалғас деген есімдер нету у нас?!" деп мазалай берді олар да. Сонымен бұл мәселені тереңірек ақтарып көрмекке ұйғардым", - дейді ол.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Садық Шерімбек кейін көне түркі жазуларын зерттеп, қызық деректер тапқан.

"Оған дейінгі әдебиетте де, басқада да тәуір ештеңе айтылмаған екен. Осылайша Ұлы Тоныкөк атамыздың жазуларын ақтара бергеніміз сол-ақ екен, "Ер Ұлың құл болмасын десең, Қыз Ұлың күң болмасын десең..." деп басталатын аталар сөзі көз алдымнан жарқ ете қалды. ...Алдыңғы жазуымда айтқандай қазақ екі ашаршылық, екі қуғын һәм бір соғыс көрді. Еркек кіндік бірі қалмай қырылды. Ұлжалғас, Ұлдана есімдерінің тарихи мәні сол кезеңдердің зұлматынан кейін еркек мәніне ауысқан екен. Соның әсері әлі күнге дейін жалғасып, ұлттың санасында өзгерген мәнімен қойылып келе жатыр. "Ұл" деген сөздің нағыз мәні еркек я әйел емес, "Ұрпақ" деген сөзді білдіреді. Демек, қазір кей қыздарымыз ұялып жүрген "Ұл" сөзінен басталатын есімдер "Ұрпағы жалғассын", "Ұрпағы Дана", "Ұрпағы болсын" деген әп-әдемі есімдер екен", - деп жазды ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Michael (Sadyk) Sherimbek (@msherimbek)

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова