Бүгін ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Елімізде қанша ғалым әйел бар?

Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні бүкіл әлемде 11 ақпанда атап өтіледі. Аталған мерекені 2015 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мереке әйелдер мен қыз балалардың ғылымға толық және тең қол жеткізуіне және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, ғалым әйелдерге демеу көрсетуге, олардың ғылым мен техника салаларындағы ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын қолдауға бағытталған.

Атаулы күнге  орай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау жолдап, елімізде қанша ғалым әйел бар екенін айтты.

"Достар және ардақты әріптестер! Бүгін дүниежүзінде айтулы мереке. Дәлірек айтар болсам, осы күн – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні.

Осынау мерекеге орай еліміздегі ғылым және жоғары білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген барша қыз-келіншектерді өзімнің және министріліктің атынан шын жүректен құттықтаймын!

Белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің:
Әйелден асқан ғалым жоқ,
Әйелдей маржан, жақұт жоқ, - деген тамаша тіркестері текке айтылмай, бүгінгі мереке иелерінің болмысын шын сипаттап тұрғандай. Ғылымның жұдырықтай жұрнағын ұстаған ғалым әйелдер еліміздегі жоғары оқу орындарында, ғылым институттарында, зерттеу алаңдарында үздіксіз еңбек етіп келеді.

Бұл мереке 2015 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының бекітуімен аталып өтуде. Айшықты мейрамның баршамыз үшін орны бөлек екені ақиқат. Өйткені, нәзік жандылардың адамзат алдындағы жауапкершілігі жоғары. Ұлтты ұшпаққа шығарып, ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар әйелдер қауымына әлем қарыздар десем, артық айтпағаным болар.

Қазақстанда 22 456 ғалым болса, оның 9 691-і әйелдер қауымы. Бұл – әлбетте үлкен жетістік.

Тарихымызға зер салар болсақ, қаншама ғалым әйел-аналар ел тарихына, ұлт мүддесіне қызмет еткенін аңғару қиын емес. Бір ғана мысал, Қазақтың тұңғыш әйел дәрігері – Аққағаз Досжанова. Ол 1893 жылы Торғай облысы Ақтөбе уезі Бөрті болысында туған. А.Досжанова оқуын бiтiрген соң медицина мамандығы бойынша гинекология және педиатрия саласында қызмет еткен.

Сонымен қатар халқымыздан шыққан тұңғыш геолог әйел-ғалым – Патшайым Тәжібаева. П.Тәжібаеваның геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған қазақ қызы.

Міне, біздің өткеніміз осындай тұлғалармен жарқын әрі үлгі боларлықтай.

Кешегі Аққағаз, Патшайымдай тұлғалардың ізбасары ретінде Закарья Күнсұлу Дальтонқызын атап өтпеске болмас. К.Дальтонқызы Covid-19 қарсы қазақстандық QazVac вакцинасын жасап шығарып, отандық медицинаға қомақты үлес қосқан ғалым. Оған қоса Күнсұлу ханым жақында ғана әлемнің ТОП ғалымдары қатарына енді", - деп жазды министр.

Ғылымның дамуына өз үлесін қосқан әйел адамдар топтамасын мына жерден оқи аласыз.