Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалып қойған автобустың 23 жолаушысы эвакуацияланды

9 ақпанда "Өскемен-Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы" тас жолында Новосибирск қаласынан Өскеменге баратын жолаушылар автобусы ауа райының қолайсыздығына, қатты жел мен боранға байланысты қар құрсауында қалып қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оларға Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен "Кажсервис" ЖШС техникасы көмектесті.

"Автобус салонында 23 жолаушы болды, оның ішінде 5 бала. Жол қызметтерінің техникасы жолды тазалап жатқанда, құтқарушылар қолдарына күрек алып көмектесті, ал адамдар автобуста күтті. Содан кейін ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері барлық жолаушыларды жол талғамайтын көлікпен эвакуациялап, жақын маңдағы елді мекенге жеткізді", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Құтқарушылар тұрғындардан қолайсыз ауа райында елді мекендерінен шығып, өміріне қауіп төндірмеуін ескертті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!