Алматыда лай көшкіні қайталануы мүмкін бе?

Алматыда лай көшкіні қайталануы мүмкін бе?
Фото: Massaget.kz

Комиссия 8 ақпанда сағат 15:00-дегі жағдай бойынша "Лай көшкіні қайталанатындай қауіп жоқ" деген қорытындыға келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мамандардың мәліметінше, 8 ақпанда 3 000 текше метрден лай көшкіні болған. Сонымен қатар, жоғарыда 300-400 текше метр саз балшық массасы бар, ол қазіргі уақытта мамандардың күшімен тазартылып, қауіпсіз болу үшін төмен қарай сырғытылып жатыр", - деп хабарлады Алматы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Комиссия мүшелері болған оқиғаның себептерін анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин үйлерді қиратқан лай көшкінінің бірнеше ықтимал себебін атаған.

Алматының төтенше жағдайлар департаментінің нұсқасы бойынша, оқиғаның алдын ала себептерінің бірі – техногендік сипаттағы апат салдарынан топырақ суланып, ылғалданған.

Ал "Қазселденқорғау" лай көшінінің себебі ретінде "жоғары желіге орналасқан үй тұрғындарының жер асты су құбырын шаруашылық тәсілмен салған" деген болжамды айтты.

Сонымен қатар мүмкін нұсқалардың қатарына үйлердің жоғарғы желісінің тұрғындары дұрыс орнатпаған нөсер кәріз құбыры, сондай-ақ таулы аймақтағы жартасқа сұйықтық ағызатын септиктер де жатады.

"Тергеу жалғасып жатыр. Комиссия қазіргі уақытта барлық мүмкін факторларды егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша комиссия жұмысының нәтижелері туралы тиісті ақпарат беріледі", - деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, 8 ақпанда түнгі сағат 2-20-да Медеу ауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануынан лай көшкіні жүргені хабарланды. Төтенше жағдай салдарынан үйлерге зақым келді. Көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Кейінірек Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барып, шұғыл түрде көшпелі кеңес өткізді.

Ал Төтенше жағдайлар департаменті өкілі тұрғын үйлердің бірінің астында төрт адам қалуы мүмкін екенін, оның екеуі бала, екеуі ересек адам екенін мәлімдеп, құтқару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Артынша үйде болған төрт адам да өлі табылды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан