"Кеміргіштер қаптап кетті". Өскемен тұрғындары жанайқайын жеткізді

"Қаланы кеміргіштер басты" деп әлеуметтік желілерде жазба қалдырған жұрт қоқыс төгерде қорқа-қорқа қадам басатындықтарын айтуда, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

№12 мектеп маңындағы жағдай жуықта көптің талқысына түсіп, оқушылардан қаймықпай, жанына жақындаған егеуқұйрықтардың әккілігі бейнежазбаларда тарады. Анықталғандай, олардан балалар ғана емес, ересектер мен қарттар да именеді. Өзін Айбат деп таныстырған азамат шамамен 10 күн бұрын қала әкімдігінің өкілдері жағдаймен танысып қайтқанын жеткізді. Кейінірек Потанин көшесі 31/1 мекенжайындағы қоқыс контейнерлерінің маңы жинастырылды. Дегенмен кеміргіштер әлі алаңсыз жортып жүр.

Фото: Massaget.kz / Асыл Бигелді

"Өзім қазір немерелеріме қарайласып отырмын. Әлі кішкентай. Сыртқа серуендеп шықса, еріп жүрмесем болмайды. Егеуқұйрықтар түнде аулаларға дейін жақындайды. Бірнеше күн бұрын қоқыс пакеттерінің ішінен атып шығатын. Қазіргі жүрістеріне қарасам, тәлтіректеп қалыпты. Не ауру, не тамақ қалдықтарына семіріп алған. Соңғы жылдары әбден мезі болдық", - деді Фарида Мұратова есімді тұрғын.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Қайратбектің ақпаратынша, биыл бір адамды егеуқұйрық тістеп алды. Ондай жағдайда құтырмаға қарсы екпе салып, ем-дом жасалатын көрінеді.

Фото: Massaget.kz / Асыл Бигелді

Ал облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері бастапқыда бұған қатысты сауалға жауап беру құзыреттеріне жатпайтынын жеткізді. Баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басталғалы бұған қатысты ресми өтініш түскен жоқ. Ұсынған қысқа мәліметтерінде кеміргіш қаптаған аумақты жергілікті атқарушы органдар улап, жұқпалы ауру тарамас үшін дезинфекция жүргізетіндіктерін алға тартты.

Фото: Massaget.kz / Асыл Бигелді

Айта кетерлік жайт, Виноградов көшесі, 6, 17 және 13, Ғарышкер көшесі 8, 8/1 мекенжайында қоқыс маңында егеуқұйрықтардың іні көп. Тұрғындар сөзінше, кешқұрым қаптай жөнеледі.

Фото: Massaget.kz / Асыл Бигелді

Асыл Бигелді

Тағы да оқи отырыңыздар: Қыз алып қашқандар қанша жылға сотталады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!