"Қолын әлдененің үшкір қырымен тырнаған". Шымкентте суицид жасаған оқушы бұған дейін де өзін өлтірмек болған

Шымкентте 14 жастағы қыз өз-өзіне қол жұмсады. Қаладағы жеке меншік мектептердің бірінде, сабақ үстінде 8-сынып оқушысының жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Жасөспірім қыз жансақтау бөлімінде қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Мектеп психологы жасөспірімнің бұған дейін де өзіне қол жұмсамақ болғанын айтып отыр.

"Оқушының сынып жетекшісі қыздың қолындағы сырылған іздерді көріп алып келді. Ол өз қолын әлдененің үшкір қырымен тырнаған. Қызды тіркеуге алдық. Онымен біраз уақыт жұмыс істедім. Оқушы қыздың айтуынша, ол мұны "ойын" ретінде істеген", - деді мектеп психологы Шахаризада Бекарыстанова.

Аталған жайтқа қатысты "Суицидке дейін жеткізу" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалған.

"Бұл факті бойынша әл-Фараби ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қажетті тергеп-тексеруден кейін, қылмыстық іс бойынша тиісті шешім қабылданады. Сараптама тағайындалды. Өзге ақпараттар тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды", - деді әл-Фараби ауданының прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін шымкенттік оқушы қыздың өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлаған едік. Қайғылы оқиға кеше, 6 ақпанда "Низамхан" атындағы жекеменшік мектепте болған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз