Нұрқаділов пен Сәрсенбаевтың өлімі: экс-депутат Серік Әбдірахманов мәлімдеме жасады

Нұрқаділов пен Сәрсенбаевтың өлімі: экс-депутат Серік Әбдірахманов мәлімдеме жасады
Фото: Видео кадры

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Серік Әбдірахманов Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтің өліміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында бөлісті. Экс-депутат Заманбек Нұрқаділовпен қатынасы туралы баяндады. 

"Біздің келіспеушілігіміз неден басталды? 1993 жылы нағыз демократиялық жолмен сайланған жоғары кеңесті Замекең таратты. Оны өзі де мойындап, хат жазып, халықтан кешірім сұрады. Ал енді шындық жолына шықты, қарсы шықты, ашық айтты. Былайша айтқанда ұры жүйемен, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шықты. Оны бағалауымыз керек. Көше деген не, ескерткіш деген не?! 1937 жылы халқын сатқан, Алашордалықтарды ұстап бергендердің атында да көше бар, ескерткіш тұр. Қарама-қайшылықтар үнемі болған жоқ, бірақ 1993 жылы арамыз кішкене бұзылды. Қайрат Нұрқаділов әкесінің өліміне кінәлілерді біледі ғой, прокуратура неге ештеңе істемей отырғаны ұят. Менде де болжам бар. Ол ресми түрде аталу керек", - деді ол.

Серік Әбдірахманов Алтынбек Сәрсенбаев туралы тілге тиек етті. 

"Ақиқат қой. Жоғары Кеңесті тарату туралы идеологияны айтқан Алтынбек болды. Кішкене қателесіп кетті. Оған да қарсы шықты. Назарбаевқа қарсы шықты. Ол қатесін түсінді. Оны да бағалауымыз керек. Өмірін пида етті. Тарихта өткен фактілердің бәрін тура айтуымыз керек. Мен енді білемін ғой. Соттасқанымыз бар, сұхбаттар бердім. Мен де қатты айттым. Үш жарым жыл тергеуде жүрдім. Қамауға ордер жазылды. Айыбым жоқ. Қылмыстық ештеме таппаған соң, Назарбаевтар мені "Американың тыңшысы" жасамақшы болды. Розлана Таукина деген журналист қыз көмектесіп, жалалардан аман шықтым. Менің де ішпеген уым жоқ. Алтынбектің өліміне Назарбаев пен оның айналасының қатысы бар шығар", - деді ол.

Айта кетейік, Серік Әбдірахманов 1991-1992 жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек