Тоқаев экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатқанын айтты

Тоқаев экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатқанын айтты
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

Сондықтан, ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек", - дейді президент. 

Еске салайық, 5 ақпанда Қазақстан Үкіметі отставкаға кеткен болатын. Қазақстан Республикасы премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Роман Склярға жүктелді.

Қазақстан үкіметін 2 жылдан аса уақыт басқарған Әлихан Смайылов қазақстандықтарға үндеу жасады.

6 ақпанда Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа премьер-министрі болып тағайындалды. Бектеновті Amanat фракциясы ұсынды. Пезидент ұсынысты қолдады. Артынша Бектеновтің кандидатурасына депутаттар дауыс берді. 

Жаңа премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеме жасады

Осылайша үкіметтің жаңа құрамы жасақталып, бірнеше министр қайтадан тағайындалып, 4 министрлікте басшы өзгерді. 

Жаңа премьер Бектенов басқаратын Үкімет құрамы қалай өзгерді?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина