"Ең жасы 40-та, колледж басқарған, еңбек өтілі - 23 жыл". Жаңа министрлер туралы не белгілі?

"Ең жасы 40-та, колледж басқарған, еңбек өтілі - 23 жыл". Жаңа министрлер туралы не белгілі?
Фото: facebook, t.me/KZgovernment

Үкіметтегі ауыс-түйісте министрлер құрамы 4 жаңа адаммен толықты. Massaget.kz тілшісі олар туралы не белгілі екеніне шолу жасады.

  • Мәжіліс депутаты болған, жасы 45-те

Жаңа басшылардың бірі Қаржы министрлігіне келді. Қазақстанның су жаңа қаржы министрі - Мәди Такиев. Ал Такиевтің орнында бұған дейін Ерұлан Жамаубаев отырған еді. Ол 4 жыл бойы Қаржы министрлігін басқарды.

Ал жаңа министр Мәди Такиев 1978 жылы 1 сәуірде Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында дүниеге келген. Жасы 45-те. Үйленген, үш ұлы бар.

primeminister.kz

Оның негізгі мамандығы - бухгалтерлік есеп және аудит. Ол 1998 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 2005 жылы Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Халықаралық бизнес университетінің Іскерлік әкімшілендіру магистрі дипломын алды.

Такиев еңбек жолын бас есепші болып бастаған. 1998 жылы ҚР Ғылым министрлігі - Ғылым Академиясының мемлекет және құқық институтында еңбек еткен. 2000-2008 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің инспекторы, жетекші, бас салық инспекторы, ШКС жұмыс, аудит жөніндегі бөлімдердің басшысы, 2008-2009 жылдары Алматы облысы бойынша Салық департаментінің Акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы, 2009-2012 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары, 2012-2013 жылдары ҚМ Салық комитетінің басқарма басшысы қызметтерін атқарды.

2013-2014 жылдардан бастап Ұлттық экономика министрлігіне ауысып, Салық және кеден саясаты департаментінің директоры болды. 2014 жылы премьер-министр кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас консультанты, 2014-2017 жылдары Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, 2017-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық бақылау департаментінің директоры лауазымды қызметтерін атқарып, 2019-2020 жылдары ұлттық экономика вице-министріне дейін көтерілген.

Такиев 2020 жылы Президент әкімшілігіне келіп, 2020-2023 жылдары Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болды. Ал 2023 жылғы наурыздан бастап VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Сонымен қатар, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Әлеуметтік желілер ішінен Facebook-те тіркелген. Instagram желісінде де оның атына тіркелген парақша бар. Онда 358 оқырманы бар.

  • Колледжде директор болған, 52 жаста

Денсаулық сақтау министрлігінде де жаңа басшы. Бұған дейін Ажар Ғиният елдің денсаулық саласын басқарды. Ол 2 жылдан бері министр болды.

Ал жаңа министрдің есімі - Ақмарал Әлназарова. Ол 1971 жылы 16 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Тұрмыста, үш баласы бар.

Министр 1994 жылы Алматы мемлекеттік медицина институты "Педиатрия" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006 жылы Қорқыт ата университетін "Экономист" бойынша бітірген. Әлназарова - жоғары санатты гигиенист, жоғары санатты дәрігер-педиатр, медицина ғылымдарының докторы (2010).

Еңбек жолын Қызылорда қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігері болып бастаған. Кейін педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Қызылорда филиалының кіші ғылыми қызметкері (1997-1999) лауазымына көтеріліп, одан кейін бөлім бастығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары (1999-2001); Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері (2001-2003);
Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы (2003-2004); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің облыстық басқармасының бастығы (2005-2007) қызметтерін атқарған.

2007 жылдан бастап білім саласына ойысып, Қызылорда медициналық колледжінің директоры (2007-2013) болған. Кейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары (02.2013-12.2014); Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы (12.2014-11.2015); Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы (11.2015-04.2019); "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары (04.2019-06.2020) қызметтерін атқарды.

Facebook желісіне тіркелген шенеунік кеше министр болғаны туралы жазба жариялапты.

"Маған Мемлекет басшысының үлкен сенімі артылды және сала алдына қойылған мақсаттарды іске асыру мен халықты сапалы денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін өзімнің барлық білімім мен тәжірибемді қолданатын боламын. Баршаңызға жылы лебіздеріңіз бен құттықтаулар үшін алғысымды айтамын", - деді ол.

  • Президенттің күзет қызметін басқарған, 40 жаста

Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Бұған дейін оның орнында Сырым Шәріпханов болды. 

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, жаңа министр 40 жаста. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаматтық авиация академиясын "Тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану" мамандығы бойынша аяқтаған.

Әрінов 2006-2022 жылдары Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдардағы қызмет.

2022 жылғы қаңтарда Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалған.

  • 23 жылдық жұмыс өтілі бар, 48 жаста

t.me/KZgovernment

Ұлттық экономика министрлігінде де жаңа басшы. Нұрлан Байбазаров премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.

Байбазаров 1975 жылы 10 қазанда туған. Ол 48 жаста.

1997 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Банк ісін ұйымдастыру" мамандығы бойынша бітірген. 

23 жылдық жұмыс өтілі бар, оның 7 жылын "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-да басшылық лауазымдарда атқарған. Ал 1997-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді. 2004 жылдан 2011 жылға дейін жобаларға агенттік қызмет көрсету басқармасының бастығы, инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директор, корпоративтік даму департаментінің директоры, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ Корпоративтік хатшысы лауазымдарын атқарды. 2013 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаментін басқарды. Әр жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, "ҚазМұнайГаз Консалтинг" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ жұмыс істеді.  

Ал былтыр "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ жалғыз акционерінің шешімімен холдингтің басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова