Қытайда адам өлтіретін вирус табылғаны рас па?

Қытайда адам өлтіретін вирус табылғаны рас па?
Фото: depositphotos.com

Қаңтардың ортасында БАҚ беттерінде "жұқтырған адам ажалдан құтылмайтын вирусты Қытайда ойлап тапты" деген ақпарат тарап кетті. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап. 

"Қытайлық ғалымдар адам өлтіретін короновирус ойлап тапты", "Қытай ғалымдары жаңа короновирус ойлап тапты", "Қытайлықтар жаңа короновирус шығарды. Жұқтырғанның бәрі өледі" деген тақырыптардың кесірінен ақпаратты оқыған интернет-қолданушыларын үрей биледі.

Оған Daily Mail деген ұлыбританиялық таблоидтың "ғалымдардың Қытай армиясына қатысы бар" деген тұжырымы қосылды. Factcheck.kz редакциясы жаңа вирус туралы ақпаратты тексеріп көруді жөн көрді.

Редакция мәліметінше, бұл - манипуляция. Себебі GX_P2V вирусы 2017 жылы табиғи ортада панголиндерден табылған. Бұл штамм COVID-19 тудыратын SARS-CoV-2-ге ұқсас, жақын. GX_P2V мен SARS-CoV-2 ұқсас болған соң да ғалымдарға GX_P2V вирусы адамдарға зиян келтіре ме, жоқ па екенін білу маңызды. Сол үшін де зертханалық жұмыстар жүргізіледі. Жұмыс барысында вирус мутацияға ұшырайды (мұндай жағдай табиғи ортада да болады), бірақ зертханада бәрі қатаң қадағаланады.

GX_P2V мутанттарының тірі организммен әрекеттесін зерттеу үшін тышқандар мен кеміргіштерге тәжірибе жасайды. Шу тудырған зерттеуде адам гені бар тышқандарды пайдаланған. Авторлардың айтуынша, әзірге бұл вирустың адамға айтарлықтай қауіпі байқалмаған. Мұндай ғылыми практика қалыпты жағдай екенін айта кетуіміз керек және "әлдебір өлімге әкелетін вирусты ойлап табу" мен "биологиялық ауруға" еш қатысы жоқ.

Бұл зерттеу biorxiv.org сайтында жарық көрген. Бұл платформада алдын ала жазбалар, яғни әлі рецензияланбаған ғылыми мақалалар жарияланады. Бұл дегеніміз әлі материалды ғылыми қоғамдастық тексереді және оның шешімін сол беті қабылдауға болмайды.

Алайда зерттеудің осы кезеңінде де Қытайда "өлімге соғатын вирус шығарды" деген тұжырым - тым асыра сілтеу және ғылыми жұмыстың мәнін бұра тартады. Адамды адастыратын жаңалықтар легінен соң, авторлар ScienceCast платформасында пікір білдіруге мәжбүр болған. Сол пікірді оқыған соң, келесідей маңызды нәрселерді түсіндіре аламыз:

Вирусты ешкім "ойлап таппады". Бұл табиғи ортада пайда болған GX_P2V-дің мутанты. Бұл туралы 2020 жылы айтылған. Зертханада вирусқа клондау мен көбейту тәсілдерін пайдаланған, бұл дегеніміз вирустың табиғи жағдайда қалай мутацияға ұшырайтынын көру үшін жағдай жасау деген сөз. Табиғи жағдайда бұл үрдіс өте жылдам жүруі мүмкін. Штаммдарды өсіру, көбейту зерттеуге, тексеру әдістерін іздеуге және вакцина ойлап табу үшін жасалады. Ғалымдардың мақсаты - GX_P2V адамға қауіпті бола ма, жоқ па дегенді анықтау.

Зерттеу жүргізген топтағы доктор Сонг GX_P2V вирусымен осындай жұмыс бұрын атқарылғанын, ал олар зерттеуді жалғастырғанын түсіндірді. Мысалы, кеміргіштер мен тышқандарға жұқтыру арқылы GX_P2V(short_3UTR) мутанты табылған. GX_P2V(short_3UTR) әлсіз шыққаны да жазылған. Шу тудырған зерттеуге арналған нұсқа сол GX_P2V(short_3UTR) вирусынан клондау тәсілі арқылы алынған. Оның аты – GX_P2V C7. Ғалымдардың айтуынша, GX_P2V C7 кездейсоқ шықты және кездейсоқ таңдалды, одан мықты вирус ойлап табу ешкімнің ойында болған жоқ.

Тәжірибеге пайдаланған тышқандардың өзі ерекше және табиғатта ондай тышқан кездеспейді. Олар SARS-CoV-2 жасушаға кіру үшін пайдаланатын ACE2 деп аталатын адамның ақуызын өндіреді. GX_P2V C7 де, ACE2 де табиғатта кездеспеген соң, бұл жерде сценарий толықтай ойдан шығарылған. Тышқандар "адамға ұқсатылса" да, олар адам ағзасын қайталай алмайды, сондықтан зерттеулер адамға жасалды деген сөз - қате.
Доктор Сонгтың айтуынша, GX_P2V вирусының адамға қауіпі аз, себебі халықтың SARS-CoV-2-ден иммунизация көбейген.

Тәжірибе үлкен масштабта өтпеді, онда тек 12 кеміргіш пайдаланылғанын айта кету керек. Зерттеушілер GX_P2V С7 вирусы бір тышқан моделіне қатерлі болған, ал адам гені енгізілген екі кеміргішке жұқтырғанда, олар ауырмаған.

NewsNation басылымына пікір білдірген Кливленд клиникасындағы инфекциялық аурулардың экперті, доктор Кристен Ингландтің айтуынша, бұл материал әлі рецензия алмаған соң, онда әлі әдістер мен аудиторияға ақпарат жеткізуде де қателер болуы мүмкін.  

Мысалы қарапайым "тышқандардың көзі ағарып" кетті деген сөзді алайық. Мен үшін ол қорқынышты фильмдердегі бір нәрсе секілді елестейді. Әдетте біз ғылыми мақалада ондай сөз қолданбаймыз. Сондықтан менде ақпараттың дұрыс жеткеніне көп сұрақ бар.

Кристен Ингланд Қытайдан жеткен деректерге құлақ асу керек екенін айтады, себебі сол жақта коронавирусты көп зерттейді. Оның айтуынша, зерттеу туралы ақпараттан үрейленбеген, себебі ғалымдар бұл вирусты алғаш рет зерттеп жатқан жоқ.

Зерттеушілердің әскери құрылымға "қатысы" туралы айтсақ, ашық дереккөздерде бұл ақпаратты не раустауға, не теріске шығаруға болмайды. Бұл жұмыстағы 10 автордың екеуінің биографиясында ғана Әскери-медициналық ғылымдар академиясы аталады. Лихуа Сонг Әскери-медициналық ғылымдар академиясының аспиранты болған, ал Тон Иган сол жерде оқып, сабақ берген. Дегенмен мұның өзі армиямен қатысын дөп басып айта алмайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек