"Қандай тәрбие береді". Ахметбек Нұрсила Дариға Бадықованың фильмін сынады

"Қандай тәрбие береді". Ахметбек Нұрсила Дариға Бадықованың фильмін сынады
Фото: instagram.com/dariga_badykova

Танымал кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Facebook әлеуметтік парақшасында актриса және продюсер Дариға Бадықованың "Таптым-ау сені" фильмін сынап, мұндай киноларды түсіруге тыйым салу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ахметбек Нұрсила бұл фильмді ақша табу мақсатында ғана түсіргенін айтты.

"Таптым ау сені" деген фильм егер тереңірек қарасаңыз, "Қазақ деген халықты аздыруға біреу арнайы тапсырыс беріп түсірген бе?" деген ойға да қаласыз. Әрине олай емес, мақсаттары тек ақша табу ғой.

  1. Бас кейіпкер бір жерге кірсе бірдеме ұрламай шықпайтын сумақай, оны жаман қылық деп қабылдамайды, әшейін қылжақ қылады;
  2. Бас кейіпкер бір ішкіш, дөрекі, боқтампаз қазақтың қызына үйленеді. Тойға қатысқандар бәрі арақты суша сіміріп, жынданып жүр. Бас кейіпкерге бұл да кешірімді деген ұғым қалыптастырады;
  3. Бас кейіпкер қымызға су, арақ қосып сатады, оны болашақ жұбайы көріп отырып, біліп отырып кафеге өткізеді. Оған еш жиіркенбейді;
  4. Фильм бастан аяқ анайы, былапыт, боқтыққа толы. Ол да қалыпты жағдай деп қабылданып, залдағы жастар мәз мейрам болып күліп отыр, еш намыстанбайды;
  5. Қыз жігітті мотоциклге салып алып қашады. Бұл да "күлкілі" жағымды дүние болып көрсетіледі (махаббатың үшін күрес);
  6. Осындай ұры, өз пікірі жоқ, алаяқ (қымызға су, арақ құйып сататын) жігітті "Таптым ау сені" деп ғашық болып алып қашып өзі үйленеді", - дейді ол.

Сондай-ақ ол мұндай фильмдерді түсіруге тыйым салу керегін айтты.

"Осы кино қазақ жастарына қандай тәрбие береді? Ми нені көп көрсе, естісе соны автоматты түрде қабылдайды, программаланады. Бір кезде Бригада деген кино шыққанда дәл сол сияқты банда топтар жинаған жастар қаптап кетіп еді. Бұндай қазақты аздыратын, қоғамды бүлдіретін дүниелерді парламентте көтеріп, түсіруге тыйым салу керегін ым салдыру қажет! Елімізді қоқыс төгетін алаңға айналдырып барады мына "Шегірткелер"(((
Cұхбаттарында мен жайлы айтыпты деген соң шолып шықтым. Екі сөзінің бірі орысша, жаргон. Сөйлеу мәдениеті, өзін ұстау мәдениеті өте төмен жандар миллиондарға кино түсіріп, улауға моралдық құқықтары жоқ!
"Таптым ау сені- 2" түсіреміз деп жоспарлап жатыр екен. Ел болып, жұрт болып Қазақ елінің жастарының санасын былай улай беруінен сақтануымыз керек. Депутат мырзалар! Осы мәселе жөнінде не айтасыздар? Заң шығарып, шара қолдануға бола ма?", - деп жазды Ахметбек Нұрсила.

А. Жапатова