Түркістан облысында 29 бала мен 10 мұғалім уланып қалды

Түркістан облысында 29 бала мен 10 мұғалім уланып қалды
Фото: newsmir.info

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында мектеп оқушылары мен мұғалімдер уланып қалды. 29 бала және 10 мұғалім өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желіде №9 мектеп мұғалімдері ғимарат ішін бояп жатқан, ал оқушылар мектептің екінші және үшінші қабатындағы терезелерді жуған сәттің видеосы тарады.

Автордың айтуынша, сенбі күні барлық мұғалім мен оқушы жөндеу жұмыстарын істеген. Мұғалімдердің арасында тіпті аяғы ауыр педагогтер да бар екен. Қыстыгүні мектепке жөндеу жұмыстарын істеуге мектеп басшылығы бұйрық берген көрінеді.

Ал бүгін, 5 ақпан күні мектепке барған мұғалімдер мен оқушылар уланған.

Жаппай улану дерегінен кейін Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы ауданға арнайы барып, жағдайды өз бақылауына алған.

"Дүйсенбі оқушылар мен мұғалімдер мектепке келгеннен кейін өздерін жайсыз сезініп, мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсеткен. Жедел жәрдем шақырып, 29 бала, 10 мұғалімді ауруханаға тексеруге алып кетті. Аураханаға алып кеткен 29 оқушы, сегіз мұғалімнің жағдайы бірқалыпты болғаннан кейін бәрі үйіне қайтарылды. Қалған екі ұстаз ауруханада. Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда", - деп хабарлады білім басқармасынан.

Жаппай улану оқиғасынан кейін мектеп оқушылары алдағы 3 күнде қашықтан білім алатын болды. Аудандық прокуратура шағым негізінде тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан