Лазерлік эпиляция терінің қатерлі ісігін тудыратыны рас па?

Лазерлік эпиляция терінің қатерлі ісігін тудыратыны рас па?
Фото: elements.envato.com

Көпшілік арасында "лазерлік эпиляция арқылы түгін алған адам терінің қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін" деген пікір тарап жүр. "Проверено" басылымы бұл деректі тексеріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі factcheck.kz-ке сілтеме жасап. 

Мұндай ақпарат бірқатар арнада, ресурста, журналда жарияланды.

Лазерлік эпиляция - бұл лазер сәулесінің импульстері арқылы шаш фолликуласын бұзып, денедегі қажетсіз түкті жою әдісі. Ол бірнеше сеанстан тұрады.

Лазерді америкалық физик Теодор Майман 1960 жылы жасаған. Алғашында бұл әдіс кеңінен танымал болмады. Бірінші лазерлердің фокусы дұрыс болмағаннан адам терісіне зақым келтірді. Кейін бұл технологияны жетілдіріп, 1997 жылы АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) лазерлік эпиляция процедурасына рұқсат етті.

Қазіргі заман лазерлері 700-800 нм диапазондағы жарық сәулелерінің ағынын шаш фолликулаларына дәл бағыттайды. Меланин тері жасушасына қарағанда жарықты жақсы сіңіреді, шашты, фолликулды, шаштың май бездерін қыздырып бұзады. Бір-екі аптадан кейін шаш өзегі мен өлі фолликул түсіп қалады.

700-800 нм болатын радиация толқыны 780 нм-ге дейінгі көрінетін және 780нм-ден 1 мм-ге дейінгі инфрақызыл шекарасында орналасқан. Инфрақызыл сәуле көптеген тұрмыстағы құрылғыда - қашықтан басқару құралдарында, инфрақызыл жылытқыштарта мен ажыратқышта қолданылады.

Иондалмайтын радиациядан қорғау жөніндегі халықаралық комиссияның (ICNIRP) мәліметі бойынша, қарқынды инфрақызыл сәуле адамның көзі мен терісіне зақым келтіруі мүмкін. Өйткені қасаң қабық, көз торы өте сезім келеді. Көзге зақым келмесі үшін лазерлік эпиляция кезінде арнайы көзілдірік тағу керек. Дәрігер адамға процедураға дейін, бір апта бұрын "күнге күйіп кетпеңіз" деп ескертуі мүмкін. Адам оны ескермесе, лазер теріні күйдіруі ықтимал. Оған қоса дәрігер лазерді шамадан тыс қуатта қолданса да, тері күйіп кетуі мүмкін.

Алайда лазерлік эпиляция терінің қатерлі ісігін тудырмайды.

ICNIRP мәліметінше, инфрақызыл сәуле тері қатерлі ісігін тудыруы мүмкін емес. Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) дәл осындай пікірде. Аустралиялық коммерциялық емес ұйым Cancer Council лазерлік терапияны (түкті жоюға арналған емес, медициналық лазерлік әдіс) қатерлі ісік, соның ішінде тері ісігін емдеу үшін де қолдануға болатынын қосады. Америкалық тері ісігіне қатысты қор да дәл осылай мәлімдеп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек