"Екі жасымда диагноз қойған". Қызылордалық параспортшы спортқа қалай келгені жайлы айтты

"Екі жасымда диагноз қойған". Қызылордалық параспортшы спортқа қалай келгені жайлы айтты
Фото: Автордан

Қызылордалық параспортшы Фариза Төлжан дертіне қарамастан қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келеді. 28 жастағы бойжеткен Париждегі паралимпиада ойындарына жолдама алуға күш салып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фариза – Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылында дүниеге келген. Отбасында он баланың кенжесі. Екі жасында дәрігерлер оған хондродистрофия, хондродисплазия диагноздарын қойған. Бойына жабысқан ауру бірақ оның жігерін мұқалта алған жоқ. Кейіпкеріміздің спортқа ден қойғанына 7 жыл болыпты.

"Мектеп бітіргесін Кентаудағы колледжде оқыдым. Сол кезде ағайым Мақсат Жүсіпов мені спортқа тартты. Бірақ айтарлықтай қызықпадым. Арада бірнеше жыл өткенде ғана спортқа ынтам оянды. Ол кезде өз ауылымда әкімдікте жұмыс істеп жүргенмін. Қазіргі бапкерім, облыстың аға жаттықтырушысы Бақытбек Рысбаев шақырып, жаттығуға кірісіп кеттім", - деді спортшы.

 Фариза – ел көлеміндегі командалық, жекелей чемпионаттардың, паралимпиадалық ойындар мен спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі рекордшысы. Ал 2021 жылы Грузияда өткен әлем чемпионатына қатысып, содан бері спорт өзінің жан қалауы екенін түсінді. Қазақстан чемпионаттарының 5 дүркін жеңімпазы, Ашық Азия Океания чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының күміс және қола жүлдегері. Өткен жылы Грузия астанасы Тбилисиде ұйымдастырылған Әлем чемпионатында 2-орын алды. Бүгінде ол - халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

"Қатаң түрде режим сақтауға тура келеді, ол оңай емес. Спортшыға бәрінен бұрын, ең алдымен, ұстамдылық намыс, жігер, салқынқандылық пен шыдамдылық керек”, - деді кейіпкеріміз.

Спортшы биыл тамыз-қыркүйек айларында Парижде өтетін паралимпиада ойындарына жолдама алып, онда да биік тұғырдан көрінуді мақсат етіп отыр.

Кейіпкеріміз параспорттағы кейбір мәселелерді ашып айтты.

"Біріншіден, арнайы психолог жоқтың қасы. Астанадағы сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған паралимпиадалық орталық барлық облыста салынса екен. Осы оқу-жаттығу жиынынан бөлек бізді тасымалдайтын барлық өңірде көліктер болса, тұрақты түрде жарыстарға барып тұрсақ. Спорттық киімдер жақсы сапада беріліп тұрса, еліміздің атын халықаралық жарысқа шыққан кезде ұялмай, мақтанышпен көрсете алатындай, еңсемізді түсірмей, қуанып киіп жүрсек деген тілегім бар", - деді ол.

Назерке Саниязова

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы