"Күштеп көлікке отырғызып әкеткен". Шымкентте қыз алып қашу ісіне қатысты мән-жай айтылды

Шымкентте қыз алып қашқан жігіт ұсталды. Полиция істің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция мәліметінше, жастар әлеуметтік желіде танысқан. Бірнеше ай бойы ғаламтор арқылы сөйлескен. Маңғыстау облысының 22 жастағы тұрғыны оған үйленуге шешім қабылдаған. Бірақ оны болашақ қалыңдықтың пікірі қызықтырмаған.

Жігіт Шымкентке келіп, таңғы уақытта қыздың дипломалды практикадан өтіп жатқан медициналық мекемесіне барған. Анықтама бюросында жеткізуші екенін айтып, бойжеткенге сыртқа шығуын өтінген. Қыз далаға шыққан бойда оны күштеп көлікке отырғызып әкеткен.

Полиция оқиға туралы хабар ала салысымен, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Ішінде ұрланған азаматша бар Toyota Alphard көлігін ұстауға Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері жұмылдырылып, көрші өңірлерге бағыттама жіберілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде автокөлік жарты тәулік ішінде Жалағаш ауылының маңындағы Алматы-Самара тас жолында ұсталды.

Ер адам қамауға алынып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 

Еске салайық, 1 ақпанда Бас прокуратура Шымкентте қыз алып қашқан жігіт қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Мұндай қылмысты жасағаны үшін кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, оларға қатысты жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина