"Қиянатым күн бермей жатыр өзіме". Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам кешірім сұрады

"Қиянатым күн бермей жатыр өзіме". Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам кешірім сұрады
Фото: instagram

Әлеуметтік желіде жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққаны үшін ұсталған Нұрболат Дәкебаевтың кешірім сұраған видеосы тарап жатыр. Алғашқы видеоны жәбірленушінің досына тиесілі @vmaikuduke парақшасы жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеода күдікті барша қазақстандық пен медицина қызметкерлерінен кешірім сұрайды. Ол өзінің жасаған әрекеті өзіне кері әсерін тигізіп жатқанын айтады.

"Барша қазақстандықтар, 2024 жылы 1 ақпанда өзім барып берілмекшімін. Мына істеп қойған қиянатым, күн бермей жатыр өзіме. Анамды, бәрін уайымдатып жатырмын. Ақ халаттылардан кешірім сұраймын. Менің зиян тигізу ойым болған жоқ. Менен жәбір көрген бауырымнан кешірім сұраймын, барша мұсылман бауырлар, Алла разылығы үшін мені кешіріп қойыңыздар", - дейді Дәкебаев.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Майқұдық | Майкудук (@vmaikuduke)

Бейнежазбаға қарағанда, ол ұсталмас бұрын түсірілген. Видеоны ұсталған ер адамның туыстары әлеуметтік желіде таратып жатыр. Қарағанды ​​облысы ПД баспасөз қызметі Дәкебаевтың полицияға өз еркімен берілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Айта кетейік, Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаев 1 ақпанда ұсталған болатын

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем қызметкерін балағаттап, соққыға жыққан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Видео телеграм арналардың бірінде тараған болатын. Роликте ер адам жедел жәрдем жүргізушісін балағаттап, артынша соққыға жыққанын көруге болады. 

Артынша соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 

Зардап шеккен Төреғали Берікқалиұлы Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімінде жатыр. Қарағанды ​​облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушінің жағдайы әлі де орташа ауыр.

Оның бас миы шайқалған, мұрын сүйектері сынған, кеуде қуысын және беттің жұмсақ тіндерін ауыртып алған.

Жәбірленуші өзін жайсыз сезінсе де, оқиғаның егжей-тегжейін айтып беруді жөн көріп, жанжалдың неден шыққаны туралы видео түсірген. Оның сөзінше, бейтаныс ер адамға жедел жәрдем көлігінің көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі алдында тұрғаны ұнамай қалған, бұл жерге дәрігерлер бригадасы шақырту бойынша келген.

"Кәдімгі жұмыс күні болатын. Түнде шамамен сағат 23:57-де 2-квартал, 30 бойынша қоңырау түсті. Біздің фельдшерлер шақырту бойынша жедел жетіп, бір жасар бала ауырып жатқандықтан үйге тез кіріп кетті. 4-5 минуттан кейін аға фельдшер шықты, ол планшетке шақырту бойынша мәліметтерді толтыра бастады. Бірнеше минуттан кейін көлік қатты теңселіп кетті, мен бүйірдегі айнаға қарадым, онда ешкім болмады. Сол жақтан қолында тумбочкасы бар жас жігітті байқадым. Ол боқтап жатыр. Оған мән бермедім, ал ол менің тереземе келіп балағаттай бастады. Мен оған шақырту бойынша келгенімді түсіндіріп көрдім. Ол әрі қарай кетіп қалды", - деді Төреғали Берікқалиұлы.

Алайда бейтаныс адам көп ұзамай қайтып келген. Ол қайтадан боқтық сөздер айта бастаған, содан кейін жүргізуші көліктен түскен, ал фельдшер оқиғаны видеоға түсіре бастаған.

Кейінірек күдікті Нұрболат Дәкебаевқа іздеу жарияланған еді. Қаладағы барлық сауда нысанына ер адамның суреттері ілінген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина