Диетолог арықтау кезіндегі қауіпті қателіктерді атады

Диетолог арықтау кезіндегі қауіпті қателіктерді атады
Фото: pixabay.com

Арықтау кезінде артық салмақтан дұрыс арылу маңызды: ол денсаулыққа зиян келтірмеуі тиіс. Диетолог Марьяна Джутова "Известия"-ға арықтау кезінде қандай қателіктерден аулақ болу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, ең алдымен өте жылдам салмақ тастаудан сақ болу керек. Бірден арықтаған кезде адам май қыртыстарынан ғана емес, сондай-ақ бұлшықет массасын да жоғалтады. Ол бұлшықет массасын жоғалтқандықтан, кейін аз тамақтанса да, салмағы арта беруі мүмкін.

"Оған қоса, дененің құрылысы да өзгереді: ол серпімділігін жоғалтады. Дұрыс арықтамау эстетикалық салдарға ғана емес, сондай-ақ бұлшықет массасының жетіспеуінен ішкі органдардың түсіп кетуіне әкелуі мүмкін", - деп ескертті диетолог.

Майлы тін өзіне зат алмасу өнімдерін жинайды, бірақ майлы тін белсенді бұзыла бастағанда олар қанға түседі. Ағзада сүзгілеуді атқаратын негізгі органдар – бауыр мен бүйрек, сондықтан майлы қабат азайған кезде оларға түсетін күш артады.

Маманның айтуынша, тамақтануда қатаң шектеулерден аулақ болу керек.

"Біздің асқазан-ішек жолымыз тамақтың адекватты мөлшерін қорытуға арналған. Мысалы, "екі қолды бірге қосу бір порцияға тең" ережесін қолдану керек. Бұл әйелдер үшін 400-500 г және ерлер үшін 500-600 г тамақты құрайды. Егер адам 200-300 г болатын аз порциямен тамақтанса, оның асқазан-ішек жолының жұмысы нашарлауы мүмкін: асқорыту, өттің шығуы, үлкен дәрет проблемалары пайда болады. Тамақтануда жүйелі түрде шектеулер қою дәрумендер мен минералдардың жетіспеуіне, асқорыту процесінің нашарлауына әкелеуі мүмкін", - дейді диетолог.

Марьяна Джутова сондай-ақ монодиеталардан аулақ болуға шақырды. Монодиета – бір немесе бірнеше өнімді ғана жеуге рұқсат етілетін диета. Мысалы, адамдар арасында тек алма жеуге және айран ішуге рұқсат етілетін монодиета кең тараған.

Мұндай тамақтанудың қаупі – адамның қоректік заттарды жеткілікті түрде алмауы. Ағза әртүрлі ақуыз, май, көмірсу және жасұнық алуы керек екенін ұмытпаған жөн.

Оқи отырыңыз: Дұрыс тамақтануға қажет пайдалы кеңестер

А. Жапатова