Атырауда 20 күн сабақтан себепсіз қалған оқушының анасына айыппұл салынды

Атырауда 20 күн сабақтан себепсіз қалған оқушының анасына айыппұл салынды
Фото: Tengrinews.kz

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша Ж.-ға қатысты іс қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Сот Ж.-ның ұлы - 3-сынып оқушысы дәлелсіз себептермен 20 күн бойы сабаққа қатыспағанын анықтады, яғни азаматша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған. Сот отырысында құқық бұзушы Ж. өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінді", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот қаулысымен кәмелетке толмағанның анасы кінәлі деп танылды.

Сот оның жеке басын, отбасылық және материалдық жағдайын ескере отырып, оған 24 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындады.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан