"Бір жыл бойы қыдырады". Депутат Олимпиадаға баратын спортшыларды сынға алды

"Бір жыл бойы қыдырады". Депутат Олимпиадаға баратын спортшыларды сынға алды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов спорт саласына бөлініп жатқан қаржының орынсыз жұмсалып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат 180 спорт түріне бөлінетін қаражатқа қатысты дау көп екенін айтады.

"Балық аулау" спорты туралы естігенде бізде де "аллергия" болды. Спортшы ретінде бізге тиіп кетті... Президенттің өзі де қаражат орынсыз жұмсалып жатқанын айтты. Енді осыған шектеу қоятын уақыт жетті деп есептеймін", - деді Қасқарауов Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген іс-шарада.

Мәжіліс депутаты бәрін мемлекетке жүктей бермеу керегін атап өтті.

"Бізде Шавхат Рахмонов сияқты спортшыларымыз бар. Олар мемлекеттен қаржы алмаса да, демеушілері арқылы елдің атын миллиардтаған ақша алған спортшылардан да жақсы көтеріп жүр. Сол себепті бәрін мемлекетке жүктей беруге болмайды. Әр спорттың федерациясы бар. Бәрі жан-жақтан жұмыс істеуі керек", - дейді ол.

Депутат тек қаржыны емес, Олимпиадаға баратын спортшыларға да шектеу енгізу керек деп ұсынысын айтты.

"Алдағы олимпиадада нақты чемпион болатын спортшыны таба алмай отырмыз. Оған қоса, қарап отырсақ, чемпиондарымыз жарты жыл, бір жыл бойы әкімдіктерге, бизнесмендерге кіріп, қыдырып жүреді. Күнде бітпейтін той. Бұл идеология ма? Не нәрсе? Оған да шектеулер керек деп ойлаймын", - деп мәжілісмен.

Жасұлан Ордабаев

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz