"Қол салады, бірақ гол салмайды". Депутат легионерлерге бөлінетін қаржы туралы айтты

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген отырыста депутат Қазыбек Иса футбол клубтарынындағы легионерлер санын қысқарту керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазыбек Иса 2021 жылы бір жылда футбол клубтарына 133 млрд теңге бөлінген екен айтады. Оның 111 млрд теңгесі – облыстық бюджеттерден.

Осынша қаржы бөлінген, қазақтың қазынасына қол салады, бірақ гол салмайды. Қаражат қайда кетіп жатыр? Ақшаның бәрі легионерлерді байытуға жұмсалып жатыр. Өйткені, 2021 жылы премьер-лигада 371 футболшының 150-і легионер болған. Қоржынымызға медаль салатын бокс, күрес және ауыр атлетиканың үшеуі қосылып жұмсаған ақшадан футболға кеткен ақша үш есе көп. Оның 80 пайызы легионерлерге кетеді. 30 жылда салғанымыз жалғыз стадион. Ал футболға бөлінетін бюджеті бізден 2 есе аз Өзбекстан 10 стадион салған және еуропалық стандарттарға сай, - дейді депутат.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортқа кеткен қаражаттты қысқарту мақсатында бірқатар жұмыс басталған. Қазіргі таңда ақша үнемделіп, балалар спортына көңіл бөлініп жатыр.

"Бұрын бір командада 8 легионер болса, қазіргі таңда оның санын 12-ге дейін арттырды. Онымен Туризм және спорт министрлігі келіспеді. Біз өз тарапымыздан Футбол федерациясына бұлай жасамау керегән айтып, бірнеше хат жіберген едік. Бүгінде олар қоғамдық бірлестік болғаннан кейін өздері бүкіл облыстың клубтарын жинап, дауысқа салып, бекітіп алды. Бірақ қазіргі уақытта біз Президент әкімшілігімен және Үкіметпен бірлесіп, бұл мәселені қарастырып жатырмыз", - деп жауап берді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, легионерлерді шектеу үшін заңнаманы бекіту керек. Өйткені легионерлер жайлы келісім кезінде тек ведомствоаралық комиссия хаттамасымен ғана бекітілген.

"Кейбір спорт клубтары соны қолдамай, қаражатты көп беріп жатыр. Сондықтан, заңға енгізгеннен кейін олардың көп бөлуге құқығы болмайды. Біз талдау жасап, спорт комитетімен бірлесіп, министрліктің қолымен бүкіл федерацияларға, аймақтарға хат жіберетін болдық. Сол қағидалармен жұмыс істеу керек", - дейді Жарасбаев.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!