"Ақша айналымы - 2 миллиард теңге". Алты жылдан бері әтір сатумен айналысатын кәсіпкермен сұхбат

"Ақша айналымы - 2 миллиард теңге". Алты жылдан бері әтір сатумен айналысатын кәсіпкермен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

Айдос Қасымханов Алматыда алты жылдан бері әтір сатумен айналысады. Бұл кәсіп оған қарыздарынан құтылуға себеп болған. Massaget.kz тілшісі әтір сатумен айналысатын кәсіпкермен сұхбаттасты.

"Адал жолмен ақша тапқым келді"

Айдос Қасымханов Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген.

"9-сыныпқа дейін Алматы облысы Ұзынағаш ауданындағы Үңгіртас ауылында өстім. Бұл істі бастамас бұрын  бірнеше кәсіппен айналыстым. Атап айтсам, киім сату, кофехана ашу, қоғамдық тамақтану орындары және дайын өнімдерді алып сатқан кездерім де болды. Әтір сату кәсібін 2017 жылы бастадым", - деді ол.

Кәсіпкер бұл кәсіпке келуінің ерекше сыры  барын айтты.

"Неше түрлі жұмыстың басын шалып, кәсіп істеп жүрдім. Қай жұмысқа барсам да, ақша алудың, тауарды сатудың амалын істеп, жанымдағылар өтірік айтады, артығымен мақтайды. Құдайдан адал кәсіп нәсіп етуін тіледім. Сөйтіп, досым осы кәсіпке ұсыныс жасап, ең алғаш сол арқылы бастадым", - деді Айдос.

"Мешітте сата бастадым"

Айдос кәсіп бастау жолындағы қателіктері туралы айтты.

"Мақсатым - ақша тауып, қарыздарымнан құтылу еді. Мол ақша тапқан соң үйленіп, ата анаммен бірге тұрғым келді. Көпшілік секілді жағдайымды жақсартамын деп ойладым. Ең алғаш 4000 теңгемен бастадым. Кішкентай құтыларға құйып, жүрген жерімнің бәрінде сата бастадым. Кейін 50000 теңгеге дейін әтірлер сатып алдым. Ол кезде майлы хош иісті әтірлер өте аз, тіпті жоқтың қасы десек болады", - деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, алғашында әтірлерді сата аламын ба деген қорқыныш болған.

"Алғашқы сауданы мешіттің алдынан бастадым. Үш ай сол мешіттің алдында саттым. Танысым сол жерден бастап, барлығын көрсетті. Сол кезде "істей аламын ба, қолымнан келе ме" деген қорқыныш болды. Алланың қалауымен, қорқынышымды жеңіп, мешіттең соң лағманхана алдында сата бастадым. Сол жерде бір күнде 60-70 мың теңге табатынмын. Кейін бизнес-орталықтарда, базарлар мен сауда үйлерінде арнайы орын алып, саттым. Осы жылдар ішінде өмірдің ыстық-суығынан өттім десем болады. Өте қиын кез болды. Жалпы, бұл - мезгіл талғамайтын сала ғой. Сол жағынан тиімді",- деді ол.

"Өзгелердің бір айлық ақшасын 1 күнде таптым"

Айдос студент кездегі қарызынан құтылу үшін де осы кәсіпке бет бұрған.

"Кәсіп бастау үшін өз қаражатымды пайдаландым. Студент кезімде 5-6 микроқаржыұйымдарынан қомақты ақша алып, қарызға батып кеткен едім. Сол қатты уайым болды. Кәсіпті бастаған кезде осы мақсат болды. Қазіргі таңда қарыздардың бәрі жабылды", - деді кәсіпкер.

Бұл кәсіптен өте жоғары табысқа жеткенін де атап өтті.

"Негізі әтір сату кәсібінен көп ақша таптым. Бір адамның айлық ақшасын бір күнде тауып тастаған кездерім болды. Бірнеше кәсіпті қатар алып жүремін деп ойладым. Солай түскен ақшаға кофехана ашып тастадым. Түрлі киім алып саттым. Солай ақшаны дұрыс емес жаратып қойдым. Кейін түсініп, әтір сатудан басқа ешқандай саламен айналыспауды шештім", - деді ол.

"Әрі ыңғайлы, әрі пайдалы кәсіп"

Оның айтуынша, әтір сату кәсібі өзгелерге қарағанда ыңғайлы.

@aidos_kassumkhanov #концерт #махаббат #парфюмер #миск #притяжение #парфюмерияоригинал ♬ оригинальный звук - Айдос

"Әтір сату кәсібінің ерекшелігі арнайы ережелері жоқ. Алған соң бірден сата беруге болады. Сәннен қалып кетеді демейміз. Әрі адамдарға өте пайдалы. Адамға сенімділік береді. Кез келген жан бұл кәсіпті алып кете алады. Жалпы бәсекелестікке мән бермеймін. Әр адамның ризық-несібесі бар. Кәсібіме қатты сенімдімін",- деді ол.

Кәсіпкер әтірлерді Европадағы зауыттардан тікелей алдыратынын айтты.

"Қазіргі таңда әтірлердің барлығын Европа мемлекеттерінен алдырамыз. Сондағы зауыттармен ресми серіктеспіз. Айналым мөлшері 1-2 миллиард теңге болғандықтан, бізге 50 пайыз жеңілдік берді. Сол үшін тікелей Англия, Франция, Испания, Швейцарияның зауыттарымен жұмыс істейміз. Құжаттарының барлығы бар", - деді ол.

"Отандық әтірлерді әлем елдеріне жібергіміз келеді"

Айдос Қасымханов осы кәсіп арқылы 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.

@aidos_kassumkhanov #парфюм #хошиіс #ароматы #парфюмерия ♬ оригинальный звук - Айдос

"Бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Төрт филиалымыз бар. Негізгі мақсат - адамдарға қызмет ету арқылы оларға пайдалы болу. Сондай-ақ, бұл кәсіпті өзіміз оқытып, үйретеміз. Қазір еліміздің әр өңірінде 154 шәкіртім бар. Соның 60-70 пайызы өз кәсібін ашып, жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде әртүрлі сала мамандары да бар", - деді кәсіпкер.

Кәсіпкердің мақсаты - болашақта отандық хош иісті әтірлерді әлемге жіберу.

"Осы салада 8 мемлекетпен жұмыс істеп жатырмыз. Ресей, Өзбекстан, Беларуссия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркменстан, Сауд Арабиясына, сондай-ақ, жақын уақыттан бастап Америка-Бостон, Корея, Қытайға жіберіп жатырмыз. Алла қаласа,  Қазақстаннан үлкен цех ашып, отандық әтірлерді бүкіл ТМД, әлемге жібергіміз келеді", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы