QJ League - қазақ футболының жарқын болашағы

Астанада өткен журналистермен кездесуде ҚФФ вице-президенті және QJ League президенті Рохус Шох жасөспірімдер арасындағы лиганың ауқымды, ұлттық, стратегиялық және жүйелі жоба екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі QJ League баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бұл жобаны әлеуметтік деп қарастыруға болады. Жас аяқдопшылар үшін ғана емес, бапкерлер, төрешілер мен матчдэй менеджерлерді , спорттық менеджерлерді тәрбиелеуде үлкен маңызы бар. Сондай-ақ біз жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз. Себебі футбол – ең бұқаралық әрі қолжетімді спорт түрі", - деді Рохус Шох.

Лиганы ашу туралы ой аймақтарды аралау барысындағы іс-сапарда келіпті. Себебі шынымен, қазіргі таңда балаларды жаппай спортқа баулитын жобалар аздың қасы.

"Мұндай лиганы құру туралы ой былтыр – өңірлерді аралау барысында ойға келді. Бізде балалар-жасөспірімдер мен ересектер арасын жалғайтын көпірдің жоқтығын түсіндім. Нәтижесінде, меценат Тимур Турловпен танысып, ол кісі менен ұлтқа пайдасы тиетін қандай жоба жүзеге асыруға болатынын сұрады. Мен де өз ойымды ашық айттым. Ұлтыңа пайдаң тисін десең, ең алдымен балалар мен жастарға жол ашу керек. Көптеген талқылаудан соң QJ League құру туралы бастамамыз шындыққа айналды", - деді лига президенті.

Жобаның тағы бір артықшылығы, футболға әуес жастар кәдімгі кәсіби футболшылардың өмір сүру қалпына бейімделді. Яғни апталық циклмен өмір сүріп, өз алаңында және сырт алаңда матчтар өткізу қалай екенін сезінді.

"Жастарымыз футболдағы шеберлігін шыңдаудан бөлек камера алдында сөйлеп, сұхбат беріп, жақсы табыс табуға бейім болып өскенін қалаймыз. Әйтпесе бірнеше сұхбаттан соң-ақ өздерін жұлдыз санап, орта жолда сынып кеткер талай мықты бар. Біздің балалар үшін бұл қалыпты жайт болуы керек, сол арқылы олар басты мақсаттары – футбол ойнау керектігін естен шығармауға тиіс", - деді жобаның негізін қалаушы.

Рохус Шох былтыр бір жас деңгейі болса, биылдан бастап оның саны ұлғаятынын алға тартты. Алғашқы маусымда бір жас деңгейі ғана болды – U-18.

"Былтыр еліміздің 10 аймағымынан үздік деген 12 жасөспірім командасы өзара жеңімпазды анықтаса, келер маусымда лига географиясы ұлғаймақ. Екі жас санатында үш лига болады. Ол дегеніміз еліміздің барлық өңірінен командалар қатысады. Қызығушылық өте жоғары. Жасөспірімдер арасындағы турнир жанкүйерлер тарапынан осыншалықты жоғары сұранысқа ие болады деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті билеттер сатылған матчтар да болды. Өзім ерекше шабыттандым", - деді ол.

Лига қыздар арасында да өтеді, бірақ ол 2025 жылдан бастап қолға алынбақ. Себебі өңірлерде футболға қызығатын бұрымдылар да өте көп екен:

"2025 жылы үшінші жас деңгейі мен қыздар лигасын қосуды жоспарлап отырмыз. Себебі аруларымыздың арасында да футбол ойнағысы келетіндер көп. Қазақ қыздарының аяқ допқа деген қызығушылығы осындай жоғары деп ойламаппын. Сондықтан Тимур Турловқа да, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловқа да айттым. Олар бірден келісті. Қыздар арасында бір ғана жас деңгейі болады – 14 жастан 17 жасқа дейін", - деді ол.

Рохус Шохтың айтуынша, QJ League шетелдік мамандар тарапынан да жоғары бағасын алған, тіпті сырттан қызығушылық танытқандар да бар екен. Бірақ лига президенті әзірге бұл тек қазақстандық жоба екендігін және оған көрші елдердің өкілдері қатыстырылмайтынын алға тартты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз