Семейде полицейлер көліктің дөңгелегіне оқ атқан

Абай облысында полицейлер мас жүргізушіні тоқтату үшін табельдік қару қолданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

28 қаңтарда түнде Семей қаласының маңындағы Ново-Баженово ауылында патрульдік рота инспекторлары жол талғамайтын көлікті байқап қалған. Көлік жүргізушісі тәртіп сақшыларын көргенде жылдамдықты арттыра бастаған. Бұл әрекет тәртіп сақшыларына күдік туғызыпты.

Артынша жүргізуші полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, елді мекенмен қашып, төтенше жағдай туғызған.

"Күдікті жүргізушіні ұстау үшін полицейлер ауаға ескерту оғын атты, содан кейін олар көліктің дөңгелектеріне оқ атты. Mitsubishi Pajero жүргізушісі "орташа" дәрежеде есірткі қабылдағаны және мас екені белгілі болды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды", - деп жазылған полиция хабарламасында.

Жүргізуші полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талаптарын орындамағаны үшін, сондай-ақ, көлікті есірткі қабылдаған және мас күйде басқарғаны үшін жауапқа тартылды.

Қазір сот 38 жастағы жүргізушіні 15 тәулікке қамауға алып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!