Фермерлер суды үнемдейтін технологияға бейімделуі керек

Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов шаруаларды суды үнемдеу технологияларын пайдалануға бейімдеу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысында 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы ұсынылды.

"Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану "ресурстарды басқарудан" "сұранысты басқаруға" көшуге мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидаты - су қабылдау көлемін ұлғайтпай экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану. Трансшекаралық өзендер арқылы су ағынының азаю қаупін, сондай-ақ, суару каналдарында үлкен шығын болуын ескеріп, фермерлер су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізуі қажет", - деді Нұржан Нұржігітов.

Қазіргі таңда еліміздегі суармалы жерлердің 1,9 млн гектарынан тек 16 пайызы (312,2 мың гектар) су үнемдеу технологиясын қолданылады, ал бұл өте қолайсыз.

"Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Мұнда су үнемдеу технологиясын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді.

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауынша, бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді", - деді министр.

Оның айтуынша, тұрақты суаруда климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының ұлғаюының теріс үрдісі байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді.

"Тұжырымдама жобасында қолда бар су ресурстарының көлемін экологиялық және экономикалық оңтайлы деңгейде ұстап тұру үшін су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың тізбесін, су пайдалану лимиттерін белгілеудің жаңа тетіктерін, айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар көзделеді", - деді Нұржан Нұржігітов.

Еске салайық, бұған дейін суды тиімсіз пайдаланатындарға жауапкершілік күшеюі мүмкін екені хабарланды.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!