"Ер адамның жылағанын көру қандай қиын еді". Блогер Ырысбала Икрамбай тағы бір отбасыға баспана сыйлады

Фото: instagram.com/irisbala__ikrambai_official

Танымал блогер Ырысбала Икрамбай жаңақорғандық отбасыға кезекті үй сыйлады. Бұл "Ырысты армияның" кезекті 94 баспанасы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Баспана табысталған жас ерлі-зайыптының 4 баласы бар. Отбасы асыраушысының жарты бас сүйегі жоқ және оған псориаз диогнозы қойылған, ал қызының асқазанының бүрі жоқ, ағза тамақ қорытуға қауқарсыз екен, үнемі диета ұстау керек, әйтпесе іші ісіп кетеді, ең кенжесі 4 айлық. Жас отбасының бұған дейін тұрған жалдамалы пәтері суық болғандықтан, нәрестеге суық тиіпті.

Ырысбала Икрамбайдың айтуынша, шаңырақтың кілті кеш батқанына қарамай, табысталған.

"Кештетіп тағы бір отбасының арманын орындап аманаттарыңызды табыстадық көпшілік!
ЫРЫСТЫ АРМИЯНЫҢ 94 БАСПАНАСЫ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!
Жаңақорған жеріне, Қазақ еліне +1 баспана!", - деп жазған блогер.

Желі қолданушылары блогер мен баспаналы болған отбасыға жақсы тілектерін айтып, пікір қалдырған.

"Қасымда болсаң құшақтар ем, Ырысбала! Еркек болып тумай қалғансың ғой... Қайсарлығыңа, өрлігіңе, мейірімділігіңе тәнтіміз! Осы балалар өсіп, жақсы азамат болып, саған сыйлық алып келіп тұрсын Ырысты!", "Ырысбала, берекелі Ырысбала. Жанып тұрсын бағың, еш шаршама, бағың мен бақытың қатар жүрсін, аман жүрші бар қазақтың бағына", "94-баспана емес. 1000000 баспананың куәгері болайық", "Жарайсың, қайсар қыз , халық ақша салғанмен осындай пысық қыз болмаса кім жасайды мұндайды", "Ер адамның жылағанын көру қандай қиын еді, құтты баспана болсын. Балапандары ауру-сырқаудан айығып кетсін. Ырысбала ханым Аллам сізге еселеп берсін. Аллам сізге, осы амалыңыз Жәннатқа апаратындай Иманның Байлығын нәсіп етсін, керемет", - деп жазған оқырмандар.

Айта кетейік, бұған дейін "Үй ме, мал қора ма?" Танымал блогер Ырысбала Икрамбай сыйлаған үй адам танымастай күйге түскені хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Кино тарихындағы ең ұзақ сериал қандай?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә