- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "30 млн". Еркін...
"30 млн". Еркін Рақышев "Жаралы сезім" фильмін түсіру кезіндегі қиындықтар жайлы айтты
"Жаралы сезім" фильмінің режиссер Еркін Рақышев "Менің өмірім" Youtube-арнасына берген сұхбатында кино индустриясына қалай келгенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, режиссер болуына әйелінің сөзі әсер еткен.
"Ол кездері көк базарда кәсіппен айналысып жүргенмін. Сыра, ішімдік секілді заттарды сатып, сауда жасадым. Ақшаны қаппен арқалап алып келетінмін үйге. Бір күні кешке үйге келсем, жұбайым өзбектің "Фатима-Зухра" деген киносын көріп, жылап отыр екен. "Тамақ сал" десем "дайын тұр, өзің іше берші" деп жауап берді, мен бұған ашуландым. Сөйтіп, тамақтанып алғаннан кейін кетіп бара жатып "мен фильмді бұдан да жақсы түсіре аламын" деп айттым. Аяқ киімімді киіп жатсам әйелім басқа бөлмеден "сен алдымен түсіріп ал" дейді, әбден жыным келді. Сонымен базарға барғанша ашуланып жүрдім, ойландым да "болды бұдан былай сауда жасамаймын, кино түсіремін" дедім. Сол күні кешке базардағы барлық нүктені сатып, кино индустриясын зерттей бастадым", - дейді ол.
Режиссер тіпті фильм түсіру үшін басындағы баспанасын кепілге қойып, қыруар қаражат несие алған.
"Кино түсіруге қаражатым болмады, арада 2 ай өткеннен кейін үйімді кепілге қойып, несие алдым. Әйелім қылқынып, өліп қала жаздады, сол үшін қазір үй менің атыма рәсімделмеген. Несие алғаннан соң енді не боларын мүлде білмедім. Сөйтіп жүріп "Жаралы сезім" фильмін түсірдік. Түсіріп, фильмді кинотеатрда көрсету, ақшамды қайтару дегенді мүлде ойлааппын, басты ойым режиссер болу болды. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің "Жаралы сезім" фильмінің шығуына қосқан үлесі зор. Кино үйін жалға алып, фильмнің тұсаукесерін жасауға, 300 доллар көлемінде көмектесті. Тұсаукесерге керек құрал-жаралын алып келген жігіт "мына фильмді біздің кинотеатрда көрсетейік, күніне бір адамнан 100 теңге беріп отырамын" деп ұсыныс тастады, мен басында түсінбей, артынан келістім. Бірінші күні киноға 7 адам келді, мен 700 теңге алдым. Ойлансам, билет құны 800 теңге, менің алатыным 100 теңге, екінші күні 25, үшінші күні 30 адам келді. Киноны мен түсіремін, бірақ пайданың көп бөлігін басқа адам алады, бұл дұрыс емес қой деп ойланып, жаңағы жігітпен сөйлесіп, 50/50-ге бөліп, ақшамды шығарып алдым. Сол кезде енді режиссер боламын деп түбегейлі шешім қабылдадым", - деп бөлісті ол.
Айта кетейік, бұған дейін режиссер Еркін Рақышев Бекболат Тілеуханнан не үшін 30 мың доллар алғанын айтқаны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Дүйсенбі күні дүниеге келген адамдар қандай болады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә