Қарағанды облысында қарт кісі алаяққа 3 миллион теңге беріп жіберген

Қарағанды облысында қарт кісі алаяққа 3 миллион теңге беріп жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы, Саран қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында алаяқтықпен айналысқан 19 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталған. 

73 жастағы әжейге белгісіз біреулер қоңырау соғып, немересі жол-көлік оқиғасын жасағанын, ол жерде жаяу жүргінші ауыр жарақат алғанын айтқан.

Ал жол-көлік оқиғасын жасаған кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып, оны шешу үшін 9 миллион ақша сұраған. Зейнеткер, бұл хабарласқан адамға қолында бар 700 мың теңге және 5 мың АҚШ долларын берген. Кейін, өзінің алаяқтың құрбаны болғанын сезген соң, полицияға арызданған.

Тәртіп сақшылары күдіктіден зейнеткер берген ақшаларды яғни 550 мың теңге және 5 мың АҚШ долларын айғақ зат ретінде тәркіледі. 150 мың теңгемен күдікті өзінің несиесін жауып үлгергені белгілі болды.

"Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас тағыда 5 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Ұсталған азамат жәбірленушілерге жалпы соммасы 6 млн 600 мың теңге шығын келтірген. Қазіргі уақытта алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!