Белгісіз біреулер Атырауда теракт жасайтыны туралы қайтадан хабарлады: әкімдік пікір білдірді

Атырауда белгісіз біреулер мектепте қылмыс жасайтыны туралы хабар қайтадан тарады. Әкімдік халықты дүрлікпеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Телеграм арналардың бірінде әлдекімнің қаладағы мектептерде жантүршігерлік қылмыс жасайтынын жазған. 

Бұл дерекке қатысты қалалық әкімдіктегілер пікір білдірді. 

"Әлеуметтік желіде белгісіз біреулер Атырау мектептеріне шабуыл жасайтыны туралы қайтадан хабарлама таратты. Бұл дерек бойынша Полиция департаменті соталды тергеу жүргізіп жатыр. 

26 қаңтардан бастап құзыретті органдармен бірлесіп, біз оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде бейнебақылау және оларға тікелей жақын жерде полиция нарядтарының санын көбейту арқылы үздіксіз жұмыс жүргізіп келеміз. Мектеп оқушылары штаттық режимде оқуды жалғастыруда, полиция және басқа да құзыретті органдар сәйкесінше қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызу үшін таралып жатыр. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін және сабырлы болуын сұраймыз! Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе мектептерінде террорлық шабуыл жасалатыны туралы жалған хабарлама таратқан күдікті ұсталғаны хабарланды. Ол 18 жастағы шетел азаматы болып шықты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!