"Достары мен көршілерінен ұсыныс хат алып келуі керек": бала асырап алу үшін шетелдіктерден не талап етіледі?

"Достары мен көршілерінен ұсыныс хат алып келуі керек": бала асырап алу үшін шетелдіктерден не талап етіледі?
Фото: pixabay.com

Бала кезінде Бельгия асып, бірнеше жыл өткен соң елге келіп анасын іздеген Жәнібектің оқиғасы күллі қазақтың жүрегін қан жылатты. Күн сайын оқиғаға қатысты түрлі дерек пен дәйек ашылып жатыр. Осы орайда Massaget.kz тілшісі асырап алынған балалар туралы деректерді анықтау мақсатында ресми органға сауал жолдады.

"Баланың наласы мен обалы кімге?"

Бұған дейін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында ел білмейтін біраз былықты ашты. Оның сөзінше, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар жоқ. АҚШ-тағы 104 бала мен Белгиядағы 113 баланың тағдыры белгісіз. Ең сорақысы 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім бала шетелге кеткені туралы мүлде мәлімет жоқ екен.

"Талай тағдырлар талқандалған 90-жылдары безбүйректер сатқандардың жарасы жазылар. Ал баланың наласы мен обалы кімге?" - деген еді депутат.

  • Қазақстандықтар кейінгі 3 жылда қанша бала асырап алды?

Балалардың құқығын қорғау комитетінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, кейінгі үш жылда (2021, 2022, 2023 жылдары - еск.) қазақстандық азаматтар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан 568 бала асырап алған (2021 жылы 136 бала, 2022 жылы 206 бала, 2023 жылы 226 бала).

  • Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай қанша бала шетелге кетті? 

Ведомствоның жауабына сүйенсек, 1998 жылғы 17 желтоқсанға дейін бала асырап алу ісін консулдық жүргізген. Осылайша, комитет 1991 жылдан бері қанша бала шетелге кеткені туралы нақты деректі ұсынбады.

"1999 жылдан 2011 жылға дейін шетелдіктер Білім министрлігінен тыс ҚР консулдық мекемелері арқылы қорғаншылық және қамқоршылық органдарына тиісті құжаттарды ұсынып, бала асырап алу туралы өтінішпен жүгінді. 2011 жылы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР кодексі қабылданды, онда шетелдіктердің асырап алу тәртібі айқындалды және шетелдік азаматтар асырап алған балалардың тұру, оқу, денсаулық жағдайын бақылау регламенттелді", - деп жазылған ведомство жауабында.

Қабылданған кодекске сәйкес шетел азаматтарының бала асырап алу рәсімін тек аккредиттелген коммерциялық емес агенттіктер қарастырады екен. Сонымен қатар, кодекстен кейін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетіне шетелдік агенттіктерге Қазақстан аумағында бала асырап алу рәсімі және кейін бақылауға рұқсат беру міндеті жүктеліпті.

"2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін шетелдік азаматтар 158 қазақстандық баланы асырап алды, олар бойынша жыл сайын есептер ұсынылады", - деп жазылған ведомство жауабында.

  • Қазақстанда бала асырап алу процесі қалай жүргізіледі?

Қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарына кейбір құжаттарды ұсыну, асырап алу туралы жазбаша өтініш беру арқылы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап ала алады:

1) жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімі;

2) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама;

3) отбасы жағдайы туралы анықтама;

4) азаматтардың денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, сондай-ақ, наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғаны туралы мәліметтер жоқтығы;

5) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі;

6) асырап алатын адамдардың психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификаттың көшірмесі;

7) соттылығы жоқтығы туралы анықтама.

"Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган 10 жұмыс күні ішінде бала асырап алуға кандидат болу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды береді. Қазақстан азаматтары бала асырап алуға үміткер деп танылғаннан кейін оларға жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды республикалық деректер банкінде таңдауға рұқсат беріледі. Бала таңдалғаннан кейін қазақстандық азаматтар онымен танысады. 2 апталық қарым-қатынастан кейін және қорытындысы бойынша сотқа бала асырап алу туралы өтініш беру туралы шешім қабылдайды. Баланы беру туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - деп жазылған ведомство жауабында.

  • Елімізде бала асырап алатын адамға, отбасыға қандай талаптар қойылады?

Заңға сүйенсек, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды; біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптыны; ата-ана құқығынан айырған немесе ата-ана құқығын шектеген адамдарды; өзiне ҚР заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды; сонымен қатар, денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдарды; тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды; дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды; асырап алған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар адамдарды, азаматтығы жоқ адамдарды; асырап алған кезде асырап алынған баланы ҚР заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды; наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды; адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды, психологиялық даярлықтан өтпегендерді бала асырап алушы адам ретінде тани алмаймыз. Ал бұл тізімнен бөлек, кәмелетке толған адамдар бала асырап ала алуы мүмкін екен.

  • Қазақстанда шетелдіктер әлі де бала асырап ала ала ма?

"Республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын ҚР азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін. Баланы туыстары, ҚР аумағында және одан тыс жерде тұратын ҚР азаматтары асырап алмаған жағдайларда ғана ҚР азаматтары саналатын балалар шетелдіктерге асырап алуға берілуі мүмкін", - деп жазылған ведомство жауабында.

  • Бала асырап алғысы келетін шетелдіктерге қандай талап қойылады?

Қазақстанда шетелдік азаматтар бала асырап алу рәсімін тек аккредиттелген коммерциялық емес агенттіктер арқылы жүзеге асыра алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 5 коммерциялық емес агенттік аккредиттелген: біреуі Бельгияда, біреуі Испанияда, үшеуі Италияда.

"Халықаралық бала асырап алу рәсімі үшін шетелдік азаматтар осы агенттіктердің біріне жүгінуі қажет. Бала асырап алу жөніндегі агенттіктің қолдаухаты негізінде шетелдіктер ҚР шет елдердегі мекемесінде Қазақстан азаматы саналатын баланы асырап алғысы келетін адамдардың есебіне тұруы қажет", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

"Достары мен көршілерінен ұсыныс хат": шетелдіктерден не талап етіледі?

1) бала асырап алғысы келетіні туралы жазбаша өтініш;

2) табыс туралы анықтама;

3) отбасы жағдайы туралы анықтама;

4) төлқұжаттардың көшірмелері;

5) денсаулық жағдайы туралы, оның ішінде психикалық, есірткіге, алкогольге тәуелділігі жоқтығы туралы анықтамалар;

6) соттылығы жоқтығы туралы анықтама;

7) жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімі;

8) достарының немесе көршілердің кемінде үш ұсыныс хаты;

9) үйі бар екенін растайтын құжат;

10) ата-аналардың жеке қасиеттері туралы арнайы уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар мен бала асырап алу жөніндегі ұйымдар беретін анықтамалар;

11) қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы берген, бала асырап алу құқығын растайтын құжат;

12) асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдаушы мемлекетке келуіне рұқсат;

13) асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде тіркеу; асырап алынған баланың Қазақстан Республикасындағы азаматтығын сақтау және оның 18 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінде есепте болуы; күтпеген жағдайда қамқоршыларды тағайындау туралы міндеттемелер.

"Барлық қажет құжатты дайындағаннан кейін агенттік азаматтардың құжаттарын қарау үшін Қазақстан Республикасына жібереді. Агенттік ұсынған шетелдік асырап алушылардың құжаттары негізінде бала іріктеледі және шетелдік асырап алушылар келіскен жағдайда баламен төрт апталық қарым-қатынас жүргізіледі. Бала асырап алу ісіндегі түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

  • Шетелдіктердің бала асырап алуына шектеу қойыла ма?

"Шетелдік азаматтардың бала асырап алуына шектеу жоқ", - деп жазылған ведомство жауабында.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Кейін "Бармысың, бауырым?" бағдарламасы Жәнібекке анасын іздеуге көмектесті. Алайда әлі күнге баланың анасы табылмай жатыр. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова