Батаның түпкі мұраты мен мақсаты – елдікке, бірлікке, имандылыққа, әділдікке, қанағатқа, жақсы іске шақыру, желеп-жебеу. Ақ батаны дуалы ауыз, өзі де, өмірі де өнегелі, жаны да, қолы да таза елдің үлкендері, елге тұлға атанған азаматтар береді.
Бата сұрау мен бата алу мұсылман елдерде кең тараған. Кейбіреуінде бұл салт "алғыс", "алғыс алу" деп аталады. Бата сөзі "фатиха" сөзінен шыққан деседі. "Алтын алма, бата ал", "Батамен ер көгерер" дейді халқымыз.
Бата мен тілектің айырмашылығы бар. Бата негізінен ерлер беретін салт. Кейде киелі, дуалы ауыз аналар да береді. Батаны үнсіз, ықыласпен тыңдайды. Қол жайып, бет сипайды.
Қыздарың қылықты болсын,
Ғаламат білікті болсын.
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Əн-жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бəрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Бата – ақ тілеудің белгісі, тілек тілеу. Кез келген жерде айтыла бермейтін қасиетті рухани ұғым. Мұның түрлері мен себептері көп. Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата беріп жатады. Халқымыз әлі күнге дейін дастарханда не мал сойғанда бата сұрайды.
Тілек бар да бата бар. Бата да, тілек те ежелден айтылып келеді. Екеуінің де түбі – алғыс пен ізгі ниет. Ақ батаны екінің бірі бере алмайды. Тек батагөй ақсақал береді. Көлемі тілектен көбірек. Тілекті кез келген қарапайым адам істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіреді. Көлемі батадан қысқа.
Бата аяқталғанда "әумин", "айтқаныңыз келсін" деп жатады. Ал тілекті қабыл алушы "Алла разы болсын", "Құдай оңдасын" деген сықылды дағдылы жауап береді.
Тілектің түрі көп. Мысалы, жаңа жұртқа қонғанда "Қоныс жайлы болсын", жаулы жүрерде "Жолың болсын" деп тілек айту дәстүрге айналған. Тілек батаның құрамында айтыла береді. Тілек айта білу – әдептілік пен ізгіліктің, инабаттылықтың белгісі.
Кейде тілек жақсы айтылуы мүмкін. Бұл айтушының шешендігі мен ізгі ниетіне байланысты. Мұндай жақсы тілекті бата-тілек деп жатады. Жолы болсын, ұзағынан сүйіндірсін, шаңырағың биік болсын, ынтымағың артсын, айтқаның келсін деген тілек адамға демеу береді. Қазақ мұндайда "жақсы сөз – жарым ырыс" деп ырымдайды.
Бата мен тілектің жалғасы – ақсарбас қуаныш. Қуанышты хабар келгенде "ақсарбас" айтып, ағайын-туыс шақырылады. Кең дастархан жайылып, ризашылдық білдіреді.
Бата мен тілектің тағы бір айырмасы мынада. Адамның жасына жетпей бата беруі жараспайды. Тек үлкен кісілер ғана береді. Сондықтан кейде "бата беретін жасқа келіп қалыппын ғой!" деп таңданысын жасыра алмай жататындар бар. Үлкеннің батасы жұғысты болады.
Бата мен тілекке қарама-қарсы нәрсе бар. Ол – қарғыс. Аса ауыр жаза, жаман салт. Адамның көңілі мен арын жаралайды. Халық қарғысы, ел назалығы тіпті ауыр.
Көп жасаудың, ұзақ өмір сүрудің сыры – бата мен қарғыста деп жатады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) тумасы Ұлбала Бейсенова (2014 жылы 117 жасқа толған) әжей "ұзақ жасаудың сыры неде?" дегенге былай деп жауап беріпті.
"Менің көп жасауымның сыры – мынада. Осы жасыма дейін ешкімнің қарғысына қалған емеспін. Естігенім – бата мен алғыс. Жас күнімде үлкеннің алдын кесіп өткен жоқпын. Ата-анамды, ағайын-туысарымды сыйлап өстім. Мені көп жасаттырған – солардың батасы мен алғысы", - деп жауап берген екен.
Осы ретте халқымыздың "Бата алған ұл арымас, батасыз құл жарымас" деген нақылы еске түседі.