"Ақ сары бас құдай" дәстүрі

"Ақ сары бас құдай" дәстүрі
Фото: kerek-info.kz

Халқымызда құрбандық шалу мен ас беру, құдайы ас беру, құрбандық беру сынды дәстүрлері кең таралған. Сондай дәстүрлердің бірі – бұл "Ақ сары бас құдайы" деген ғұрыптық дәстүрі. Қазір көп айтыла бермейді. Ұмытылып бара жатқан ғұрып десек болады. Оның маңызы мен орны, халқымыз неге мұндай дәстүрді әдетке айналдырғанын біліп көрейік.

Ақ сары бас құдайы – береке, бақыт үшін берілетін садақа, құрбандық. Тілімізде құрбандық шалды, құдайынаақ сарбасын айтты, құдайына ақ сарбасын шалды, ақсарбас шалды деген тіркестер – бір мағынаны береді. Бірақ ақ сары бас құдайының шамалы айырмашылығы бар.

Бұл – бір Құдайдың разылығы үшін берілетін, аталатын дәстүр. Адам қауіп-қатерге ұшырағанда, ауырғанда, жаны қысылғанда Алла атымен айтқан құдайысы. Құдайына ақ сары бас атаған адам "Ақсарбас" деп үш рет айтуы керек.

Қауіп-қатерден аман қалған адам ел-жұртты шақырып, құдайы ас береді. Ақсарбастың үш түрі бар. Олар – бозқасқа, көкқасқа және қызылқасқа. Бозқасқа десе – қой, көкқасқа десе – жылқы, қызылқасқа десе – сиыр сойылып, құдайы беріліп көпшіліктің батасы алынады. Бұл ырыс осы күнге дейін қолданылады.

Бұған "Құдайыға ақ сары басын шалды", "Құдайға боз қасқа, ақ сарыс бас шалды", "боз қасқа шалды", "ай тұяқты боз қасқа шалды", "қорасанға қой айтты" деген тіркестер дәлел.

Көркем шығармада мынандай сөйлемдер кездеседі.

"Ханның көз нұры суалған шақта, күндердің бір күнінде ханша құрсақты болып... бір қыз тауыпты... Ай тұяқты боз қасқа шалып, азан шақырып, Айбарша деп ат қойыпты" (Т.Ахтанов).

"Мен Абайға кінә қойдым. Елде қатын-бала сені уайымдап түн ұйқысын төрт бөліп, құдайына ақ сары басын айтады... Сен болсаң, шалжиып жатқаның мынау, - деді" (М.Әуезов).

Жамал қыз еді,

Қыздың шолпан жұлдызы еді.

Шашы қолаң, қасы қара құндыз еді.

Бұршақ салып тілеп алған құдайдан

Есекеңнің ұл қып сүйген бір қызы еді. (І.Жансүгіров).

Жоғарыдағы үзінділерден біз Құдайдан бір нәрсе тілеп, құрбандық шалып, садақа беру дәстүрін де ақ сары басқа жататынын байқаймыз.

Құдайына ақ сбарасын айтты, құдайына ақ сарбасын шалды деген тіркестермен қатар құдайы, садақа, құдайы берді деген құдай жолына берілетін діни ғұрыптық дәстүр де мағыналас.

Құдайы немесе құдайы берді дегеніміз – наным-сенім бойынша қауіп-қатерден, кездейсоқ апаттан аман қалғанда, қатты аурудан аман қалған кезде құдай жолына берілетін діни ғұрыптық дәстүр. Яғни, қайыр-садақ, ас-тағам, киім-кешек не ақша.

Құдайына мал сойып, көпшіліктің батасын алады. Құдайыға кісілер бір малды құрбандыққа шалып, етіпе таратып береді. Немесе мал мойып, ауыл адамдарын құдайы тамаққа шақырады. Келген адамдар құран оқып, ізгі тілек, батасын береді. Кейде шай қайнатып, жеті күлше нан пісіріп те құдайыға шақырады. Кейбір жерде жағымсыз түс көрсе де, жеті күлше құдайы таратады.

Қ. Слямбек