Бекмахановтың сотта сөйлеген соңғы сөзі

Бекмахановтың сотта сөйлеген соңғы сөзі
Фото: e-history.kz
Белгілі ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тағдырлы тарихшы Ермұхан Бекмахановтың есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. 25 жылға бас бостандығынан айырылған ұлт мақтанышының сотта сөйлеген соңғы сөзі қандай болды?

Соғыс басталған кезде И.В.Сталин жолдастың майдандағы жауынгерлерге "әр халықтың ұлттық батырларының рухын жаңғыртып, қаһармандық ерлігінен үлгі алуға ұран көтеріңдер" дегені мәлім. Сол үндеуге өз әлімше үн қосып, әрі республика басшыларының тікелей тапсырмасымен Қазақ КСР тарихына Кенесары Қасымов бастаған қозғалысты жеке тарау етіп енгіздім, сол тарауды тереңдете зерттеп, ғылыми атақтар иеленіп, кітап шығардым.

Неміс фашистеріне қарсы соғыс жеңіспен аяқталған соң, өткен заман батырларының ерлігі ағымдағы саясатқа қажетсіз болып қалды. Күні кеше ұлт-азаттық қозғалыс делінген Кенесары Қасымов көтерілісінің монархиялық-феодалдық сипатын баса айту басталды. Турасын айтқанда, қайткен күнде мені күйретуге аса мүдделі әріптестерім осы жайды желеу етіп, мәселені мейлінше шиеленістірді. Ақыр аяғында мен Кенесарыны, оның күресін аса дәріптеген ұлтшыл атанып, міне, сот алдында отырмын.
 
Иә, қозғалысты ғылыми тұрғыдан талдауда қателескенім рас, оны мойындаймын. Сонымен қоса, күпті бір жайтты сот алқасына ескертуді жөн деп білемін: кешелі-бүгінгі мәжілісте менің "ауыр қылмысымды" әшкерелеуге тырысқан тарихшы әріптестерім, түстеп айтқанда, Шойынбаев, Шахматов, Елеуов, Тәкежанов, Ысмайылов, Нұрқанов және кейбір шәкірттерім ешқашан да аузымнан шықпаған, тіпті ойыма алмаған мәні бұзық сөздерді ұлтшылдық мақсатпен айтты, бізді сол жолға үгіттеді деп мойныма қоюға тырысты; бәрі де жалған, маған өштескендіктен ойдан шығарылған бопсалау; мен ешқашан да өз халқыма жаулық жасаған емеспін; жасамаймын да...
 
Е.Бекмахановтың жүз жылдық мерейтойына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетов ғалымның өнегелі өмірін баяндайтын "Аманат" фильмін түсірген еді. Тарихшының рөлін актер Берік Айтжанов сомдады.
Ж. Жұмағұлов