Көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды

Көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды
Фото: el.kz

Қазақ тарих ғылымы үшін биыл айтулы жыл, атаулы даталармен қатар көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановқа 100 жыл. Алматыда көрнекті тарихшыға арналған ескерткіш тақта ашылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі el.kzпорталына сілтеме жасап.

Жақында көрнекті ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдардағы Қазақстан» атты еңбектің авторы, қазақ тарихының жанашыры, біртуар тұлға Ермұхан Бекмахановтың өнегелі өмірін баяндайтын «Аманат» атты толықметражды фильмнің алдын ала көрсетілімі болды. Ендігі ретте Алматыда белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Ескерткіш тақта ғалым тұрған және еңбек еткен Панфилов 126 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің қабырғасына орнатылды.

«Ермұхан Бекмаханов қысқа, бірақ мағыналы өмір сүрді. Небәрі 50 жыл. Мен әлі күнге таң қаламын. Қалайша осы қысқа ғұмырда екі түрлі салада ғылым докторы болуға болады. Бұл оқиға мемлекетіміздің ғылым саласындағы азаматтарын ешқашан ұмытпайтынын көрсетеді», - деді ғалымның ұлы Сермұхан Бекмаханов.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова ескерткіш тақтаның ашылуы Қазақ хандығының құрылғанынан 550 жыл толуы мен Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

«Біз бүгін Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов үйіне ескерткіш тақта орнату шарасына жиналып отырмыз. Ол кісінің өмірі шырғалаңға толы болғанымен өз кәсібінің шыңына шыққан ұлы ұлт қайраткері жадымыздан еш кетпейді», - деді қала әкімнің орынбасары Зәуреш Аманжолова.

 Ермұхан Бекмаханов 1915 жылы 15 ақпанда Павлодар облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Алматы ЖОО оқытушы болып бастады. 1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Кенесары хан туралы еңбегі шыққан соң КСРО-ның басты басылымы - "Правда" газетіндегі 1951 жылғы мақаладан соң ғалымды қудалау науқаны басталды. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды.

1952 жылы Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.

Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.

Е. Жұмабайұлы