Бата-тілектер #2

Бата-тілектер #2
Фото: www.elarna.com

БАСЫ

 

Балаңның көңілі жай болсын,

Мың жылқылы бай болсын.

Айдағаны қой болсын,

Шайнағаны май болсын.

Азын-аулақ дәулеті,

Күнде өзіне той болсын.

Жұртта қалған жұрыны,

Домалап келіп қой болсын.

Жұртта қалған тулағы,

Тулап келіп тай болсын!

Тай болсын да туласын.

Бір құрдасы сұрасын,

Сұраса да бермесін.

Атаң, атың, атау бол,

Ағайынмен тату бол.

Жаз кигенің құлпы бол,

Қыс кигенің түлкі бол.

Бағаналы таудай бол,

Шағалалы көлдей бол.

Бұрама темір, сом алтын,

Суға салса татпасын.

Тәңір берген несібең,

Тепкілесе кетпесін.

Желінің екі шетіне,

Арқан тартса, жетпесін,

Сенен байлық өтпесін!

Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,

Боз торғайдай төлшіл бол.

Адам таппас сөзді бол,

Ор қояндай көзді бол.

* * *

Қыран құстай қанатты бол,

Абайдай талантты бол.

Жәнібекгей жарақты бол,

Мұхтардай ақылды бол,

Нұхтай өмірлі бол,

Қобыландыдай батыр бол,

Жауыңа айла, қайратты бол.

Қазыбектей шешен бол,

Төле бидей көсем бол,

Қабанбайдай қайсар бол,

Арқалықтай дөп айтар бол,

Әйтекедей айтқыш бол,

Асанқайғыдай тапқыш бол,

Бұхардай шалымды бол,

Асыл сөзге алымды бол,

Жамбылдай жасты бол!!!

 

Қызға бата

Сұлудың қарақатгай көзі болсын,

Бал тамған майда бұлбұл сөзі болсын.

Аққудай айдын көлде жарқыраған,

Күн сәуле, күміс маңдай жүзі болсын.

Алмадай домаланған басы болсын,

Толқыған қара жібек шашы болсын.

Меруерт тіс, пісте мұрын, қызыл арай,

Сүрмедей қиғаш қара қасы болсын.

Жетілген желке ырғалып қызыл шие,

Кәмелет пісіп тұрған жасы болсын.

Сымбатқа берік сыры құп жарасқан,

Сүйгені ойда гауһар тасы болсын.

Сұңғақты аққу құстай мойны болсын,

Сызылған әдепті әзіл ойыны болсын.

Мамықтан майда тиген, оттан ыстық,

Ақ уыз, жұпар иіс қойны болсын.

Бұралған көк шыбықтай белі болсын,

Сөзге ұста әзілге епті сері болсын.

Сұңқардай сұқсыр ілген сәске түсте,

Сұлудың сіз секілді ері болсын.

Ақ анар, күміс алма, түстек кеуде,

Ерекше көз тарталық жері болсын.

Қоян жон, ақша қардай торғын дене,

Тояттар сіздей сері жемі болсын.

 

Тойға тілек

Тойларың тойға ұлассын,

Бірің ай, бірің күндей боп,

Отауларың нұрға бөленсін.

Шаңырақтан бақыт үзілмесін,

Маңдайдан бақ үзілмесін.

Жас отау гүлге толып,

Көкірек гүлдей жайнасын.

Көктемдей қуаныш берсін,

Тойдың артын тойға берсін.

@. @assel_assanova