Сөздер сөйлейді. Алқалау, алқалы

Алқалау, алқалы. Махамбет ақын: 

Алқалаған жер болса, 
Азамат басы құралса... 
Алқалай келген кеңесте 
Дем құрыған күн болған 
Алқалы кеңес құрған күн... – дейді. "Алқалау" сөзі ертеректегі ақын-жыраулар тілінде де бар.

Шалкиізде: 

Алқалаған ауыр қолдар тоқтарға 
Арыстанбек ұлы Сұлтан бар. 


Алқалау сөзінің түбірі – алқа. Алқаның қазіргі мағынасы:1) жиын, топ; 2) коллегия. Бұл арабтың хәлқа деген сөзі, мағынасы – «дөңгелек», одан барып «адамдар тобы» деген ауыспалы мәнде қолданылған. Сірә, бұл сөз түркі тілдеріне өте ертеде енген болу керек. Этнографтардың айтуына қарағанда, Орта Азияны және Қазақстанды мекендеген халықтардың ислам дәуіріне дейінгі әдет-ғұрпында жылына бір рет өлгендердің бейітіне баратын дәстүр болған. Бейіт басына жиналған әйелдер алқа құрып қол ұстасып, ауық-ауық алақан соғып, дұға оқып, ортаны айналып жүретін болған. Соны алқа деп атаған. Түркі тілдеріне парсы тілінен алқа сөзі осы кездерде кірген болу керек. Қазақ тіліндегі алқа-қотан, алқа құру және алқалау сөздері осы мәндегі алқа сөзімен сабақтас. 

Ал қазақ қоғамында кеңесу, ақылдасу үшін алқа қотан отыру, яғни дөңгелек құрып айнала отыру дәстүрі болған. Бұдан барып алқалау сөзі кеңесу, топ болып отырып ақылдасу үшін жиналу, бас қосу деген ауыспалы мағынаға да ие болғаны байқалады. Ал соңғы Шалкиіз өлеңіндегі алқалау сөзі «қоршау» деген мағынада қолданылған. Алқала сөзі бұл күнде осы соңғы айнала қоршау, қамалау деген мәнде жұмсалады да, оның "жиналу", "бас қосу" мағынасы ескі нұсқаларда сақталған.