Асан қайғының айтқандары

Белгілі ақын, жырау, философ, әрі мемлекет қайраткері, халық арасында Асан қайғы атанған Хасан Сабитұлының түрлі тақырыптардағы нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

* Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа.

* Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойнын бұрып сөз айтпас, көңілі қалған аразға.

* Мінезі жаман адамға енді қайтып жуыспа,
Тәуір көрер адаммен жалған намыс қуыспа.

* Еділ бол да, Жайық бол ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе жаныңды аяп тұрыспа.

* Бұ заманда не ғаріп – ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.

* Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса,
Ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.

* Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз.

* Ғылымның қандай пайдасы білместі жолға салмаса.

* Ақың болса біреуде – айыбын тап та ала бер, ерегісіп ұрыспа: сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.

* Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін,
Санасы жоқ жамаңдар ел қадірін не білсін.

* Арғымағың жамандап – тұлпар қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап – сұңқар қайдан табарсың.

* Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.

* Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.

* Ойыл деген – ойың-ды,
Отын тапсаң – тойың-ды.

* Көшіп-қонып көрмеген –
Жер қадірін не білсін.
Ақылына көнбеген –
Жұрт қадірін не білсін.

* «Атадан алтау тудым», – деп асқынып жауап айтпаңыз,
«Атамның малы көп-ті» – деп атты басқа тартпаңыз.

* Ашу – дұшпан: есептесіп қуыспа, түсіп кетсең қайтесің, түбі терең қуысқа.

* Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Жасығыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.