«Жап-жаңа жыл – 2014» келе жатыр

«Жап-жаңа жыл – 2014» келе жатыр

Жаңа Жыл кешінде теледидардың орны ерекше. Теледидарды жыл бойы қарамайтындар да осы кеште дастархан басына жиналып, түрлі бағдарламаларды тамашалайды.

Осы орайда «Астана» телеарнасы «Жап-жаңа жыл-2014» жаңажылдық бағдарламасын ұсынады. «ADAM Media Group» продюсерлік орталығымен біріккен жоба биыл екінші рет өз жалғасын табуда. Бұл күні көрермен кино, спорт және өнер саласындағы жылдың ең таңдаулы тұлғаларымен кездеседі. 

"Жап-жаңа жылды" шоумен, комедия сұлтаны, дарынды актер Дмитрий Кожома жүргізеді. Ресейлік жүргізушіден отандық жүргізушілеріміз де қалыспайды: Нұрдәулет Шертім, Ақкенже Әлімжан, Жанар Дұғаловалар кештің тізгінін ұстамақ.

Дмитрий Кожома Қазақстанда жүргізген алғашқы жобасы жайлы ойымен бөлісті:

"Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Арнайы шақырғандарыңызға алғыс білдіремін. «Жап-жаңа жыл-2014» думанында мені жүргізушіліктен бөлек, әртүрлі бейнелерде көре аласыздар. Мен де өзімнің жаңа қырларымды таныдым десем, қателеспеймін. Бұл жаңажылдық кеш, бұрынғыдан да өзгеше. Тамашалаңыздар. Жаңа жылдарыңызбен!"

Баян Есентаева «Ең үздік келін» атанудың оңай жолдарынан тұратын шеберлік-класс өткізеді. Осы кеште ол әдемі, үздік, танымал болудың құпиясын ашады.

Ал «Елбасы жолы» киноэпопеясында елбасының бозбала кезін шебер сомдаған Нұрлан Әлімжанды үнді фильмінің актері ретінде көреміз.

  • «ЕХРО 2017» халықаралық көрмесіне дайындық қалай өтуде?
  • «Менің атым - Қожа» фильміндегі Қожа 50 жылдан бері қайда жүрген?
  • Данагүл Темірсұлтанова өз келінімен татуласты ма?
  • Ермахан Ибраимовтың қазақстандық боксшыларға көңілі тола ма?

Осындай сұрақтарға жауапты да осы кеште ала аласыздар.

Сонымен қатар, «қызықты жыл жаңалықтары», «анау-мынау кеңестер» деп аталатын айдарлар арқылы келер жылға пайдалы мәліметтер берілмек. 

Бағдарлама барысында әуез­ді әнімен әзілді кештің көркін келтіретін эстрада жұлдыздары да бой көрсетеді. Олардың қатарында Роза Рымбаева, «Rin’GO» мен «КешYOU» топтары, Қайрат Нұртас, ADAM,  Айқын Төлеп­бергенов сынды танымал әртістер бар.

Музыкалық бағдарлама үш сағат ішінде әр отбасына ұмытылмас әсер қалдырады деп күтілуде. Көрсетілім "Астана" телеарнасында 31 желтоқсан кешкі сағат 22-00-де басталады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Жап-жаңа жыл-2014» бағдарламасының баспасөз қызметі

С. А