Жаңа жыл сценарийлері

Жаңа жыл сценарийлері

Жаңа жыл... Бәріміздің асыға күтетін, сүйіп қарсы алатын бірден-бір мерекеміз. Жылына бір рет қана болатын таңғажайып кешті қалай ұмытылмастай жасауға болады?

Бұл кештен балақайлар да, ересек кісілер де бір ғажап заттарды күтеді. Сол себепті Жаңа жыл кешінің сценарийін алдын ала ойластырған жөн.

Жай ғана күнтізбенің ауысуы бізге неліктен соншалықты әсер етеді? Сағат 00:00-ді ұрған кезде, Жаңа жыл өзімен бірге жаңа жақсылық, жаңа бақыт, жаңа танысулар әкеледі деп үміттенеміз. Жаңа жылды міндетті түрде жақсы өткізілген кештен бастау керектігі айтпаса да, түсінікті шығар.

Теледидар - романтика жауы

Жаңа жылды сүйген жанмен бірге қарсы алу тамаша кеш болмақ. Бұл кештің мәзірін алдын ала ойластырғаныңыз жөн. Киіміңіз де салтанатты болуы керек. Таңғажайып түнді құрта алатын жалғыз зат - теледидар. Әрине жаңажылдық кеште теледидарда жұлдыздардың қатысуымен талай қызықты бағдарламалар болады. Алайда осындай сәтті жіберіп, уақытты теледидар қарауға құрту - нағыз ессіздік. Одан да бір-біріңізбен тілдесіп, Жаңа жылға жоспарларыңызды талқылаңыз. Әдемі киімдер, әдемі безендірулер арасында бұл кеш өміріңіздегі ең романтикалық сәт болуы мүмкін. Ал іш пыспау үшін, екеуіңізге арналған ойындар, сыйлықтармен алмасу, би ұйымдастырыңыз.

Мейрамханадағы Жаңа жыл

Оңай жол іздейтін жандар мейрамханаға барғаны жөн. Мерекелік дастархан мен ойын-сауық бағдарламасы жайлы уайымдамасаңыз болады. Әрине мейрамханаларда Жаңа жылға арнайы шоу-бағдарлама болады. Бірақ ол жердегі шу мен музыкадан тез жалығып кете аласыз. Бірге барған достарыңыздың әңгімелері мен тілектерін де естуіңіз екіталай. Сонымен қатар кеш аяқталғанда үйге жету азапқа айналуы мүмкін. Қалай болғанмен, жаңажылдық кеш үшін мейрамхананы таңдасаңыз, оның үйдің қасында болғанын қадағалап, үстеліңіз де тыныштау жерде орналасқанын сұраңыз. Алайда мейрамханаға достармен барып, күліп-ойнап қайтуға болады.

Шырша немесе пальма

Жаңа Жылда экзотикалық жылы елге аттанып, өзіңізге ұмытылмас демалыс жасай аласыз. Алайда бұл жерде де кейбір қиыншылықтар бар. Бара жатқан елде Жаңа жылдың мүлдем тойланбауы да мүмкін, сондықтан бұл сұраққа алдын ала жауап тапқан жөн. Ол елдің салты, дәстүрі жайлы ізденіп, дәстүрлі дастарханы жайлы да хабардар болған дұрыс. Рейсіңіз 30, 31 күндері болмасын: ауа-райы кесірінен Жаңа жылды әуежайда қарсы алу көңіліңізден шықпас. Басқа елдің климатына да бірден үйреніп кетуіңіз екіталай, оған да бірнеше күн қалдырыңыз.

Қала сыртындағы кеш

Жаңа жыл кешін қала сыртындағы жер үйде өткізудің де талай оң жақтары бар. Өсіп тұрған шырша, қар атысып ойнау, таза ауа, кеңістік... Алайда бұндай кеште салтанатты көйлек пен мінсіз макияж орынды болмас. Сондай-ақ шақырған достарыңыздың барлығы үйге сыятындығын қадағалаңыз. Көп жағдайда бұндай кештерде қонақтар ұйықтайтын орын таба алмай қалады. Тағамдарды дайын түрде сатып алып не қаладан пісіріп әкелген жөн, жер үйде тағам даярлауда қиындықтар болуы мүмкін. 

Жаңа жыл құтты болсын!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: oskar.dn.ua

С. А