Баубек Бұлқышевтің ет табағы

Баубек Бұлқышевтің ет табағы
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Жезқазғанның тарихи-археологиялық музейінде публицист, ақын, жазушы Баубек Бұлқышев пайдаланған ет табақ (астау) сақтаулы тұр.

Ағаштан ойып жасалған бұл ыдыс тарихи тұлғаның жақын туысы  Әнес Сағымбаевтың қолында 1981 жылға дейін болыпты. Ал осы жылдың қараша айында ол кісі жақсыдан қалған жәдігерді өз қолымен әкеліп мұражайға тапсырды.

 

Баубек Бұлқышев – Ұлытау өңірінің ұланы. Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп, шығармашылықпен айналысқан. Өлеңдері баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрды. "Балалық шақ" поэмасы, "Ауылдан Алматыға" атты әңгімесі жарыққа шықты. "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш"), "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газеттерінде еңбек еткен.

Ұлы Отан соғысындағы қанды шайқастарға алғашқы күндерден бастап қатысып, ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Жалынды көсемсөз шебері, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарының бел ортасында болған. Соғыс кезінде жазған шығармаларының басым көпшілігі "Комсомольская правда" газетінде жарияланып тұрды. Есіл ер 1944 жылдың бас кезінде қаза тапқан.

Ұлы Отан соғысында батырлығымен ғана емес, жалынды публицист ретінде көзге түскен  Баубек Бұлқышевтің "Өмір мен өлім", "Шығыс ұлына хат", "Заман біздікі", "Жауыздық пен махаббат" атты шығармалары қан майданның ортасында жүрген жауынгерлерге мықты рух берген, олардың жігерін жанып, намысын оятқан.

"Бұл жәдігер көркемдік тұрғыда шебер жасалмаса да, оның тарихи құндылығы, тәрбиелік мәні өте зор", - дейді аталған музейдің директоры Раушан Қапарова.

Егемен Қазақстан

Қ. Слямбек