Сочи-2014: Ресей жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды

Бобслейден Ресейдің ерлер экипажы Сочиде өтіп жатқан 22-ші қысқы Олимпиада ойындарында алтын медальды тағып отыр.

Зубков тізгінін ұстаған экипаж бірінші жарыс жолында-ақ көшбасшылықты өз қолына алған болатын. Ресейлік спортшылар 3:40.60 уақыт көрсеткішімен жеңіс тұғырына көтерілді.

Төрт сайыс қорытындысы бойыншы Зубков экипажы латвиялықтарды 0,09 секундқа артта қалдырды. Қоланы Стивен Холкомб бастаған АҚШ спортшылары иемденді. 

Естеріңізге сала өтсек, Олимпиаданың салтанатты жабылу кеші бүгін түнде Астана уақытымен сағат 22:14-те басталады. Көрсетілімді KazSport пен "Хабар" арнасынан көре аласыздар.

Дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында бір қола медаль бар. Мәнерлеп сырғанаудан ел спортшысы Денис Тен қола жүлде иегері атанған болатын.

Ертеректе ол қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде барлығы 255.10 ұпай жинап, қола медальды иеленген еді. Командалық есепте Қазақстан 25 орында тұр. Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы көш бастап тұр. Хоккейден соңғы жүлде Канада мен Швеция арасында сарапқа салынады. 

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: RIA Novosti