Сочи-2014: Ресей медаль санынан рекорд орнатты

Александр Легков Сочи Олимпиадасында ерлер арасында өткен 50 шақырымға масс-старт сайысында алтын медальды иемденді.

30 жастағы ресейлік спортшы 1:46:55.2 уақыт көрсеткішімен жеңіс тұғырына көтерілсе, фотофиниште күміс пен қола медаль иесі анықталды. Жеңімпаздың жерлестері 31 жастағы Максим Вылегжанин (+0.7) мен 27 жастағы Илья Черноусов тиісінше екі орынды иеленді (+0.8).

Бұл сында ел спортшылары сынға түскен болатын.

Жарыс жолында 23 жастағы Марк Старостин 34-орыннан көрінсе, 28 жастағы Ердос Ахмадиев 48-орынға қол жеткізді. 28 жастағы Сергей Черепанов 54-орынға, 26 жастағы Евгений Величко 55-орынға тұрақтады. 

Естеріңізге сала өтсек, Олимпиаданың салтанатты жабылу кеші бүгін түнде Астана уақытымен сағат 22:14-те басталады. Көрсетілімді KazSport пен "Хабар" арнасынан көре аласыздар.

Дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында бір қола медаль бар. Мәнерлеп сырғанаудан ел спортшысы Денис Тен қола жүлде иегері атанған болатын.

Ертеректе ол қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде барлығы 255.10 ұпай жинап, қола медальды иеленген еді. Командалық есепте Қазақстан 25 орында тұр. Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы көш бастап тұр.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: isport.ua