Денис Кузин мықтылығын тағы бір мойындатты

Денис Кузин мықтылығын тағы бір мойындатты

Қазақстандық конькиші Денис Кузин Сочи Олимпиадасы алдындағы дайындық ойындары барысында өзінің оң жамбасына сай келетін  1000 метрлік сайыста топ жарды. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

Дәл осы сында фаворит саналатын 25 жастағы жерлесіміз 1000 метрлік қашықтықты 1 минут 9,85 секундта бағындырды. Екінші болып бельгиялық Барт Свингс (1.10,97) келсе, үштікті ресейлік Алексей Суворов (1.11,23) қорытындылады.

Осы спорт түрінен әйелдер арасында ел намысын қорғайтын Екатерина Айдова (1.17,67) мәрені  екінші болып кесті. Үздік көрсеткіш ресейлік конькиші Екатерина Лобышеваға (1.16,63) тиесілі болды. Жерлесімізден кейінгі көрсеткіш тағы бір ресейлік ару Екатерина Шихова (1.18,20) еншісіне жазылды. Жалпы бұл дайындық кезеңінде Екатериналардың бағы жанды десек болады.

Денис Кузин – Сочи Олимпиадасында ел үміт артып отырған спортшылардың бірі. 2013 жылы дәл осы Сочи қаласында 1000 метрлік қашықтықты бағындырып, Әлем чемпионы атанған болатын. Сол нәтижесі мен бүгінгі көрсеткішін ақ Олимпиаданың ақтық сынында көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Шетелдік спорт сарапшылары дәл осы қашықтықтағы медальдардың бірі жерлесімізге тиесілі деп отыр. Сонымен қатар, Екатерина Айдоваға да артар үмітіміз мол. Бағы мен бабы келісіп жатса, конькиші қызымыздың тұғырдан көрінуі бек мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, Сочи Олимпиадасының алауы 7 ақпан күні тұтанады. Еліміздің намысын 52 спортшы қорғайтын болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: rsport.ru

О. Сансызбай