Данияр Елеусінов жартылай финалға жолдама алды (видео)

Данияр Елеусінов жартылай финалға жолдама алды (видео)
Фото: vk.com

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов Риодағы жазғы Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Отандасымыз ширек финалда венесуэлалық боксшы Габриэль Маэстроны айқын басымдықпен ұтты.

Қазақстандық боксшы жекпе-жекті аса сақ бастады. Қашып жүріп қарсыласын қапы қалдыруға тырысты. Аңдысын тауып, қарсыласынан айласын асырумен болды. Шаршы алаңда бар шеберлігі мен тәжірибесін ортаға салды. Қарсыласы қанша алға ұмтылғанмен, соққылары ауа қармаумен болды. Қорғана жүріп, қарсыласын сан соқтырды. Төрешілер 3:0 есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. 

Данияр Елеусінов жартылай финалда француз Сулейман Сиссокомен қолғап түйістіреді. Қос боксшы шаршы алаңда алғаш рет жұдырықтасқалы отырған жоқ. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының екінші айналымында отандасымыз француз боксшысынан басым түскен. 

О. Сансызбай