Біржан Жақыпов намибиялық боксшыны айқын жеңді (видео)

Біржан Жақыпов намибиялық боксшыны айқын жеңді (видео)
Фото: vesti.kz

49 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов Олимпиада ойындарын жеңіспен бастады. Отандасымыз намибиялық боксшы Матиас Хамуниелді ұтты.

Намибиялық боксшы бірінші раундты ширақ бастағандай көрінді. Ал отандасымыз өз мүмкіндігін күтіп, жойқын соққыларымен қарсы алды. Матиас Хамуниел бір қарағанда Біржанға ыңғайсыз қарсылас секілді көрінген.

Десе де тәжірибелі отандасымыз қарсыласының осал тұсын тауып, жеңіске бастар жолды таба білді. Төрешілер 3:0 (29:28, 30:27, 30:27) есебімен Біржанды айқын жеңімпаз ретінде таныды.

Қазақстандық боксшы келесі айналымда өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовпен жұдырықтасады. Осыған дейін екі боксшы өзара үш рет кездескен. Оның екеуінде отандасымыз ұтса, бір жекпе-жекте өзбек боксшысының мысы басым болған.

Айта кетейік, Біржан Жақыпов Олимпиада ойындарына үшінші рет қатысып отыр. Ұлттық құрама сапындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі.

О. Сансызбай