Қазақстандық дзюдошылардың алғашқы қарсыластары кімдер?

Қазақстандық дзюдошылардың алғашқы қарсыластары кімдер?
Фото: fdk.kz

Дзюдодан Рио Олимпиадасының жеребесі тартылды. Ел намысын қорғайтын 6 дзюдошымыздың алғашқы қарсыластары белгілі болды. Бұл туралы дзюдо федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.

ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына дзюдодан 136 елден 389 спортшы қатысады. Бұл рекордтық көрсеткіш саналып отыр. Лондон олимпиадасына 135 елден 387 спортшы қатысқан болатын.

Дзюдодан ел сенім артып отырған Елдос Сметовтің алғашқы қарсыласы ливиялық Элкависа Мохамед Элхади болды. Мохамед Элхади Олимпиадаға құрлықтық жолдама бойынша келген.

66 келіде Жансай Смағұлов бельгиялық Яипер Лефебермен кездеседі. Жансай Смағұловқа бұл спортшымен күресу таңсық емес. Олар соңғы рет Алматыда өткен Гран При турнирінде белдескен болатын.

Дидар Хамзаның қарсыласы Гамбиядан келген Файа Нжие болды. 73 келідегі Файа Нжие - құрлықтық жолдаманың иегері.

100 келі бойынша Максим Раковтың бірінші айналымда қарсыласы жоқ. Екінші айналымдағы қарсыласы Еуропа құрлығына тиесілі жолдамамен келген эстониялық Григорий Минашкин.

Қазақстан қыздар құрамасынан Олимпиадаға екі дзюдошы қатысады. 48 келіде шығатын Отгонцэцэг Галбадрах жарысты екінші айналымнан бастайды. Алғашқы айналымдағы қарсыласы - Тасиана Лима (Гвинея-Бисау).

Құрлықтық жолдамамен Риоға аттанған 63 келідегі спортшымыз Мариан Урдабаева бірінші айналымда қытайлық Ян Цзюньсямен күреседі.

Естеріңізге сала кетсек, дзюдо сайыстары 6-12 тамыз аралығында өтеді. Елдос Сметов (60 келі) пен Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) жарысты 6 тамызда бастайды.

Жарыс кестесі:

6 тамыз (Ерлер: 60 келі, әйелдер 48 келі). Іріктеу және ширек финал. Басталуы – 19:00. Финал. Басталуы – 00:30.

7 тамыз (Ерлер: 66 келі). Іріктеу және ширек финал. Басталуы – 19:00. Финал. Басталуы – 00:30.

8 тамыз (Ерлер: 73 келі). Іріктеу және ширек финал. Басталуы – 19:00. Финал. Басталуы – 00:30.

9 тамыз (Әйелдер: 63 келі). Іріктеу және ширек финал. Басталуы – 19:00. Финал. Басталуы – 00:30.

11 тамыз (Ерлер: 100 келі). Басталуы – 19:00. Финал. Басталуы – 00:30.

О. Сансызбай