Қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары анықталды

Қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары анықталды
Фото: kfb.kz, vk.com

Бокстан Рио Олимпиадасының жеребесі тартылып, ел намысын қорғайтын боксшыларымыздың алғашқы қарсыластары белгілі болды. Сонымен кімге жеребе жеңіл, кімге қиындау түскені туралы аз-кем айта отырайық.

49 келіге дейінгі салмақта Біржан Жақыпов Олимпиада ойындарында үшінші рет бағын сынайды. Тәжірибелі отандасымыз осы жолы жүлделі орыннан көрінуді ғана емес, жеңіс тұғырын бағындыруды мақсат тұтып аттанды.

Біржан Олимпиаданы екінші айналымнан бастайтын болды. Ал екінші айналымда Ол Матиас Намуниела (Намибия) мен Руфат Хусеинов (Әзербайжан) арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі. Бұл жекпе-жек 9 тамыз күнгі кешкі сессияға жоспарланған (Астана уақытымен түнгі 02:00-ден кейін). Ширек финалда Біржанға өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов қарсылас атануы бек мүмкін. Ол бұл салмақтағы фаворит боксшылардың бірі.

Хасанбой Дусматов Біржан Жақыповтың ескі қарсыластарының бірі. Олар осыған дейін үш рет шаршы алаңда жолыққан. Оның екеуінде отандасымыздың мысы басым болса, біреуінде өзбек боксшысы жеңіске жеткен.

49 келіге дейінгі салмақтағы үздік боксшылардың қатарына кубалық Хоанис Архилагос пен ирландиялық Пэдди Барнстың есімін ерекше атауға болады. «Бостандық аралының» боксшысы 2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген. Финалда ресейлік боксшы Василий Егоровты жеңген болатын. Василий де Рио Олимпиадасына қатысады. Жеңісті жолын жалғап жатса, жартылай финалда Біржан мен Василий жекпе-жекпегін көріп қалуымыз да ғажап емес. Ал Пэдди Барнс – тәжірибелі боксшылардың бірі. Ол осыған дейін Бейжің мен Лондон Олимпиадаларына қатысып, жүлделі орыннан көрінген.

Біржан Жақыпов Риодағы додадан кейін спорттық мансабын аяқтауды жоспарлап отыр. Мұны Олимпиада алдындағы сұқбаттарының бірінде де айта кетті.

- Бұл менің спорттық мансабымдағы соңғы Олимпиада екені рас. Уақыт өтіп барады. Денсаулыққа да көңіл бөлу керек. Сондықтан да қазір ерекше құлшыныспен дайындығымды шыңдаудамын. Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға жүлдемен оралуды мақсат тұтамын, - деді боксшы.

52 келіге дейінгі салмақта сенім артқан боксшымыз – Олжас Сәттібаев. Сәттібаевқа жеребе серік болды деп айта алмаймыз. Дегенмен шын мықтыға тұсау жоқ екені рас. Отандасымыз бірінші айналымда пуэрто-риколық Хавьер Кинтронды ұтса (13 тамыз), екінші айналымда әзербайжандық әзірбайжандық Эльвин Мамишзадемен жұдырықтасады. Бұл боксшы 2015 жылы Дохадағы әлем чемпионаты мен Бакуде өткен Еуропа ойындарында жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ WSB жобасындағы жекпе-жектерінде де жойқын соққыларымен көзге түсті.

Бұл салмақ дәрежесінде Эльвин Мамишзадеден кейінгі екінші нөмірлі боксшы - кубалық Йосбани Вейтиа Сото. Одан кейінгі фавориттер қатарына Миша Алоян, Мохаммед Флисси мен Мухаммад Али еніп отыр. Олжас сәтті өнер көрсетіп, екінші айналымда Эльвинді жеңер болса, ширек финалда соңғы екі боксшының бірімен жұдырықтасуы бек мүмкін.

56 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ералиев жарысты бірінші айналымнан бастайды. Алғашқы қарсыласы – әзірбайжандық Жавид Челебиев. Жекпе-жек 11 тамыз күнгі кешкі сессияға жоспарланған. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанған боксшы жартылай финалда Қайратты ұтып кеткен болатын. Отандасымыз сол есесін Олимпиадада қайтарады деген сенімдеміз.

Қайрат Ералиев бірінші айналымнан өтсе, өзбекстандық Муроджан Ахмадалиевпен жұдырықтасады. ­Өзбек боксшысы осал емес. 56 келідегі жүлдеден үмітті спортшылардың бірі. Өткен жылы Дохада өткен әлем чемпионатының 1/8 финалында Қайратты ұтып кеткен болатын. Қайрат өзбек боксшысынан да есесін қайтарады деген үміттеміз.

60 келіге дейінгі салмақта Берік Әбдірахманов алғашқы айналымда америкалық Карлос Вальдераспен кездеседі. Ол Қазақстан құрамасы сапында бірінші болып шаршы алаңға шықпақ. Жекпе-жек 6 тамыз күнгі күндізгі сессияға жоспарланған. Екінші айналымға өтсе, Луис Габриера (Венесуэла) мен Дайсуке Нариматсу (Жапония) арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен жұдырықтасады.

Берік бақ сынайтын салмақта Робсон Консейсао (Бразилия), Лазаро Альварес Эстрада (Куба), Альберт Селимов (Әзірбайжан), Хуршид Тожибаев (Өзбекстан) секілді танымал боксшылар бар. Отандасымыз ширек финалда кубалық боксшымен жұдырықтасып қалуы мүмкін. Лазаро Альварес Эстрада 60 келіге дейінгі салмақта бірінші нөмірлі спортшы ретінде қатысуда. Ол Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы (2011, 2013 және 2015) атағына ие.

64 келіге дейінгі салмақта кіл мықты боксшылар жетерлік. Олардың қатарына отандасымыз Абылайхан Жүсіповты да қосуға болады. Бірақ қазақстандық боксшы үшін жеребе сәтті түсті деп айтуға келмейді. Бәлкім, сәтті түскен де шығар. Абылайхан бірінші айналымда ұлыбританиялық Пэт Маккормакпен (11 тамыз, кешкі сессия) кездеседі. Оның жеңсе кубалық Иаснэль Толедомен шаршы алаңда шайқасатын болады. Сәтті түсті дейтініміз, алғашқы деммен «бостандық аралының» өкілін ұтып кетсе екен деген үмітіміз басым.

69 келіге дейінгі салмақта Данияр Елеусінов жарысты екінші айналымнан бастайды. Оның алғашқы қарсыласы Джош Келли (Ұлыбритания) мен Уалид Мохаммад (Египет) арасындағы жекпе-жекте анықталады. Даниярдың кездесуі 11 тамызға жоспарланған. Отандасымыз өз салмағындағы фаворит боксшылардың бірі. Сондықтан да қазақстандық жанкүйерлер ұлттық құрама капитанынан тек алтын жүлде күтетіні жасырын емес. 

Жәнібек Әлімханұлы да жүлде күтіп отырған спортшыларымыздың бірі. 75 келіге дейінгі салмақта отандасымыз үздіктер қатарында десек қателеспейміз. Алғашқы айналымда ұлыбританиялық Энтони Фоулермен жұдырық түйістіреді (8 тамыз, кешкі сессия). Отандасымыз бұл боксшымен 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында жұдырықтасып, жеңіске жеткен болатын.

81 келіге дейінгі салмақта Әділбек Ниязымбетов жарысты екінші айналымнан бастайды. Валентино Манфредонио (Италия) мен Михаил Долголевец (Белорусь) арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен жұдырықтасады (11 тамыз, кешкі сессия). Қазақстандық боксшы жұдырықтасатын салмақта Хулио Сезар Ла Круз (Куба), Ельшод Расулов (Өзбекстан), Петр Хамуков (Ресей), Хрвое Сеп (Хорватия), Н’Дам Н’Жикам Х (Камерун) сынды тәжірибелі боксшылар бар.

WSB жобасы бойынша Олимпиада жолдамасына қол жеткізген Василий Левит Олимпиада ойындарын екінші кезеңнен бастайды. Бұл кезеңде қытайлық Ю Фенкаймен жұдырықтасады (8 тамыз, кешкі сессия). Сондай-ақ Василий финалға дейінгі жолында кубалық Эрисланди Савонмен жұдырықтасып қалуы мүмкін. Ол 2015 жылы WSB жобасындағы жекпе-жекте отандасымызды аз-кем басымдықпен жеңген болатын.

Бұл салмақта кубалықтан өзге де мықты боксшылар жетерлік. Олардың қатарына 2015 жылғы әлем чемпионы Евгений Тищенконы, әзірбайжандық Абдулкадыр Абдуллаевты, италиялық Клементо Руссоны жатқызуға болады.

91 келіден жоғары салмақта ел намысын Иван Дычко қорғайды. Отандасымыз жарысты екінші кезеңнен бастайды. Оның қарсыласы Магомедрасул Меджидов (Әзербайжан) пен Мохамед Арджоуи (Марокко) арасындағы кездесуде анықталады. Иван Дычко 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатының финалында әзірбайжан боксшысынан нокдаунмен жеңілген болатын. Сол есесін Олимпиадада қайтарады деген сенімдеміз.

Әйелдер арасындағы сайыста 51 келіге дейінгі салмақта Жайна Шекербекова жарысты ширек финалдан бастайтын болды. Отандасымыз бұл кезеңде марокколық Захра Ез-Захрауи мен франциялық Сара Оурахмон арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі. Жеңіске жетсе, жүлделі орынға ілігері даусыз. Ал бұл салмақтағы айқын фавоит саналып отырған Никола Адамспен тек финалда ғана кездесуі мүмкін.

Дариға Шәкімова (75 келі) бірінші айналымда 2008 жылғы әлем чемпионы канадалық Ариана Фортинмен шаршы алаңға шығады. Ширек финалға өтсе, марокколық Хадижа эль-Мардимен қолғап түйістіретін болады.

Олимпиада ойындарына осал спортшы бармайтыны жасырын емес. Қарсыластар да осал емес, қазақ боксшылары да қайтпас қайсар мінезге ие. Күрзі жұдырықты жігіттерімізге сәттілік тілейміз. Алғаш рет толық құраммен қатысқалы жатқан ерлер құрамасы ел абыройын асқақтатарына сенеміз.

О. Сансызбай