Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті

Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлде түсті. Бұл жолы еркін күрестен Мұхамбет Қуатбек қарсыластарының барлығының жауырынын жер иіскетті.

54 келіде бақ сынаған жерлесіміз финалда америкалық Датон Фиксті жеңді. Алғашқы минуттардан айласын асыруға тырысқан Мұхамбет Қуатбек бірінші кезеңде алты ұпайға ие болды. Америкалық спортшы да ұпай айырмасын қысқартуға ұмтылды. Ұстанған тәсілдерінен нәтиже шыққанмен, отандасымыз да өзіне қажетті ұпайға қол жеткізе білді. Қорытындысында Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды. 

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін дзюдодан Бауыржан Жауынтаев, бокстан Абылайхан Жүсіпов алтыннан алқа тақса, ауыр атлетикадан Жасұлан ҚалиевТатьяна Капустина және грек-рим күресінен Евгений Поливадов қоржынға қола жүлделер салған болатын. Жалғыз күмісті бокстан 81 келіде өнер көрсеткен Вадим Казаков еншіледі. Ал о баста ел құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 9 қола жүлдені жеңіп алуды жоспарлаған болатын. Қазақстан құрамасы қазіргі таңда 21-ші орында келеді. Доданың жабылу салтанаты ертең өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:nanjing2014.org

Ө. Сансызбай